"Аман қалғанымызға шүкір": Шеруге шықпақ болған Индира Расылхан жол апатына түскен

Опубликовано:

Индира Расылхан
Фото: Instagram/indirarasylkhan

Отандық танымал әнші Индира Расылхан 5 қаңтарға қараған түні Шымкент қаласынан Алматыға жол тартып, апатқа ұшыраған. Сол күні елмен бірге бейбіт шеруге қатыспақ болған өнер иесі бүгінде аман қалғанына шүкіршілік ететінін жеткізді деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Индира Расылхан оқиғаның қалай болғанын Instagram-дағы парақшасында баяндады.

Әнші 4-ші қаңтар күні Шымкентке тойға ұшпақ болған. Ұшаққа билетті де бір ай бұрын алғанын айтады.

Алайда уақыт таяғанда танысы қайтыс болып, Индираның анасы да жолға шығуға бел байлайды. Анасын көлікпен жалғыз жібергісі келмеген әнші ұшақтан бас тартып, онымен бірге шығады.

Шымкентке аман-есен жетіп, тойды өткізген соң, түнделетіп кері қайтпақ болады. Сол күні елдің шеруге шыққанын естіген Расылхан митингіге қатысамын деп шешкен.

Алайда бұл ойы жүзеге аспапты. Себебі жолда апатқа ұшыраған. 

"Түнгі сағат 3-тен асқанда көлікке отырдық. Көліктің артында екі әйел, одан кейінгі қатарда мамам және әпкемнің ұлы үшеуміз, алдында жүргізуші мен бір жігіт отырды. Көлікке отыра салып ұйықтап кетіппіз, қатты соққының дауысынан шошып оянып кетіп, көліктің бағыты басқа жаққа бара жатқанын көріп, барымызша қатты ұстануға тырысып, айқайдан басқа шара болмады. Оянып кеткендегі бірінші сөзім "СубханАллаһ" болды. Көлік былай да, былай да шайқатылып барып, жолдың шетіне тоқтады. 

Бәріміз шуылдасып, "не болды, не қақтыңыз?" деп жамырап жаттық. Көлік жүргізушісінің аузынан  сөз шықпайды. Шуылдасып қайта-қайта сұрап жатқан соң: "Адам қақтым" деді.  "Айдалада қайдан жүрген адам? Неге олай болды? Жолдың жиегіндегі адамды байқамай қалды ма?" деген сұрақтарды жаудырдық. "Ол жолдың тура ортасында тұрды" деді. Содан бір жарым сағаттан астам уақыт, суық көліктің ішінде отырып қалдық. 

Анам өте қатты жаурады. Курткамның алдын ашып арқасын кеудеме қысып отырдым. Жол полициясы келіп бәрін қарап, өлшеп, бізге кері қайтуымызға болатындығын айтты. Алдында отырған жігітті алып қалды. Ары қарай кете беретін мамамда хәл жоғын көрдім. Қан қысымы да көтеріліп кетті, жаурағаны бар, жол жүруге шамасы келмеді. Түлкібасқа қайта келдік те, ұйықтадық. Бұл хикаяның басы ғана. Менің осы жердегі алған ғибратым, Алла бізді көлік апатынан қалай сақтаған болса, көтерілістегі жағдайлардан да солай сақтады. Кім біледі, жазықсыз кеткендердің ішінде мен де болар ма едім? Алла білуші!" - деді Индира Расылхан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1951958-aman-qalganymyzga-sukir-seruge-syqpaq-bolgan-indira-rasylxan-zol-apatyna-tusken/