Алаяқтар желіде Қайрат Нұртастың қайтыс болғаны туралы ақпарат таратқан
Жарияланған күні:
Белгісіз біреулер TikTok желісінде Қайрат Нұртастың өлімі жайлы ақпарат таратқан. Бұл жағдайға шүйліккен әншінің анасы Гүлзира Айдарбекова алаяқтарға жазба арнады. Ол баласына өлім тілегендерге қатысты өз ойын ашық айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Белгілі болғандай, желіде тарап кеткен видеода автор Қайрат Нұртастың фотоларынан слайд жасап, тіпті "оның қайтыс болған күнін" жазып қойған.
Мұндай жаңалықтарға тап болған Айдарбекова ашуға булығып, жаман ниеттілерге ескерту жасады. Продюсер оларды қарғамай, Алла оларға сана берсін деді.
"Менің баламның өлімін тілеп, осылай жарнамалап таратуға кімнің қолы барды екен. Басыңа келсін деп тілемеймін, тек Алла сана берсін.
Мейлі мамасының баласы дей берсін, мейлі тағы да баласын қорғаштады десін, баламның табанына кірер шеңгел болса, менің маңдайыма қадалсын дейтін өз аналарыңыздай мен де анамын, сыртынан ауыр сөз айтылса, ең бірінші менің жүрегіме қадалары анық.
Соншалықты жек көретіндей біреуге ұлым зияндық жасамақ түгілі, тірі пендені ренжітпейтін жүрегі мейірімге толы екенін басқа білмесе де, туған анасы мен білемін.
Қаншалықты қара жағып өсектеп жатса да, шыдай береміз ғой, енді мынау тым артық. Ниетімізді түзесек екен. Ешбір ана баласын жоғалтпасын, Алла ұлыма ұзағынан өмір берсін", - деп жазды ол Instagram парақшасында.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1952580-alayaqtar-zelide-qairat-nurtastyn-qaitys-bolgany-turaly-aqparat-taratqan/