Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Сахнадан кет деген жоқпыз": Қанат пен Айтгүл Құдайбергеновтердің жазбасына мәдениет басқармасы пікір білдірді

Опубликовано:

Құдайбергеновтер
Фото: Instagram/kanataitgul

Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Қанат, Айтгүл Құдайбергеновтердің сахнадан қуылып жатқанын айтқан жазбасына Алматы облысы мәдениет басқармасы жауап берді. Басқарма жетекшісі Мәрлен Көлбаев KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында ерлі-зайыпты әншілердің ренішіне не себеп болғанын түсіндірді.

Өздерін Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармониясының сахнасынан қуып жатқанын айтқан әншілердің желідегі жазбасы қызу талқылануда.

Осыған қатысты облыстық мәдениет басқармасы да пікір білдірді. Мәрлен Көлбаевтың сөзінше, Қанат пен Айтгүл Құдайбергеновтерді ешкім сахнадан қумаған. Басқарма жетекшісі әртістерге филармонияның және мәдениет сарайының есігі әрқашан ашық екенін айтады.

"Біз ол кісілерге сахнадан кет деген жоқпыз. Желтоқсан айында бәріне ескертпе берілген. Бұл кісілер зейнет жасында. Айтгүл әпкеміздің зейнет келісімшарты 7 рет созылған, Қанат ағамыздыкі 3 рет созылған. Мен филармония басшысына концерттерді жаңалауға байланысты талап қойғанмын. Барлық бағытта - дәстүрлі болсын, эстрада болсын. Филармония басшысының маған берген ұсынысы былай болды. Штатта 7-8 зейнеткер бар екен. Сол кісілерді салтанатты түрде шығарып салуға рұқсат сұрады. Мен келісімімді бердім.

Айта кетерлігі, Қанат, Айтгүл Құдайбергеновтер Алматыда тұрады. Бірақ штатта әнші болып есептеледі. Концертке шақырғанда келеді, былай күнделікті жұмысқа келіп жүрген жоқ. Екеуі жарты ставкадан бір ставканы алып отыр. Орнына жас мамандар бар келіп жатқан, дәстүрлі әншілер. Біз оларды жұмысқа ала алмаймыз, өйткені артық штатымыз жоқ. Филармония басшысы ол кісілерге филармонияның да, мәдениет сарайының да залы әрдайым ашық екенін жеткізген.

"Қай кезде келеміз десеңіздер де ашық. Індет біткен соң, концерттеріңізді ұйымдастырып берейік, өзімізге концерт керек болған жағдайда біз сіздерді шақырайық, бірақ сіздерді қуып жатыр деп ойламаңыздар. Зейнет жасына шыққаннан кейін жастарға орын беру керек деп айтқаны айтқан", - дейді мәдениет басқармасының жетекшісі.

Оның айтуынша, ерлі-зайыпты әншілерді Алматыдан Талдықорғанға концертке шақыру ыңғайсыздық туғызған.

"Концертке шақыру үшін олармен алдын ала келісуі керек. Филармония бұлардың көңіліне қарайды. Кішкене ыңғайсыздықтар туғызған соң филармония басшысы маған ұсыныс берді, мен қолдадым", - дейді ол.

Одан бөлек, Мәрлен Көлбаев желідегі жазбада аты аталған әнші Гүлнұр Оразымбетоваға қатысты пікір білдірді.

"Ол кісіде бізде жарты штатта болған. Эстрада жұлдыздарын әрқашан миллиондап ақшаға шақырғанша жарты ставкаға алса бола ма деп кезінде рұқсат алғанбыз. Қазір басқа қалада тұрып, бізде тіркелгендердің бәрін, зейнет жасындағы әртістерді де жіберіп жатырмыз", - дейді ол.

Еске сала кетсек, әлеуметтік желіде Қанат және Айтгүл Құдайбергеновтердің елге жасаған үндеуі таралуда. Отандық журналист Ришат Асқарбекұлы да Қанат пен Айтгүл Құдайбергеновтер үшін халықтан қолдау сұрауда. Ақпарат өкілі әртістердің қиын жағдайда қалып қойғанын айтып, өз жанайқайын жеткізгенін жазған болатынбыз. Журналистің сөзінше, Қанат пен Айтгүл Құдайбергеновтерге өздері қызмет ететін филармония басшылығы жұмыстан шығып, киелі сахнаны босатуды талап еткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1953501-saxnadan-ket-degen-zoqpyz-qanat-pen-aitgul-qudaibergenovterdin-zazbasyna-madeniet-basqarmasy-pikir-bildirdi/

pixel