Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мен әлі тірімін ғой": Нұрлан Албан өзіне тіс қайраған шенеуніктер туралы айтты

Опубликовано:

Нұрлан Албан
Нұрлан Албан. Кадр: YouTube/Maidan

Белгілі әнші Нұрлан Албан мемлекеттік салтанатты шаралардан неліктен көрінбей кеткенін түсіндірді. Айтуынша, оған тіс қайрап жүрген азаматтар бар. Бұл туралы әнші YouTube-платформасындағы Maidan бағдарламасына берген сұхбатында айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Нұрлан Албанның айтуынша, өте турашыл және әрқашан өзіне ұнамайтын жайттарды ашық айтатын мінезі бар. Соның салдарынан ол әлдебіреулерге де жақпай қалған кездері болғанын мойындап отыр. Сұхбат барысында өнер иесі атқамінерлерден істеген еңбегі үшін ақысын ала алмай, мұны арты дау-дамайға ұласқан кездері туралы айтып берді.

"Атын атап, түсін түстеудің қажеті жоқ. Ел басында жүрген, мемлекеттік жұмыста жүрген, кейбір әкім болған ағайындардың өзі тісін қайраған сәттер болған. Кейбір министрлердің де маған тіс қайраған сәттер болған. Өйткені мен әрқашан да талап ететінім: жасаған жұмысыма еңбекақымды толығымен алу. Бір мемлекеттік іс-шараны жүргізіп, артынша еңбекақымды төлемеді. Сол үшін мен айқай-шу шығарғанмын. Өйткені ол – менің таза еңбегім. Көптеген мемлекеттік іс-шараларда, концерттерде жоқпын. Өйткені концерт бірлестіктері мені шақырғысы келмейді. Мені әжелеріммен болсын, әйтпесе жеке соло болсын, шақырмайды.

Сол жердің басы-қасында жүрген іні-қарындастарға тисем ғой. «Әй, сендер неғып мені көміп қойдыңдар? Мен әлі тірімін ғой» десем: «Нұрлан аға, шындығы керек, сізді қоспай-ақ қойсыншы деп айтты». Одан мен бір қайыр тілеп, қайыршы болып кеткен жоқпын. Құдай өлтірмесін. Мен білем. Қазір тіпті Алматы қаласы әкімшілігінің ешқандай да мерекелік концерттеріне мені қоспайтынын мен білем", – дейді ол.

Одан бөлек, сұхбат барысында әнші өзінің әлеуметтік желідегі сыни жазбаларына қатысты да айте кетті. Әнші кей кісілер мұндай жазбаларын өшіртіп, қорқытқысы келіп, телефонына маза бермегенін ашық айтты.

Нұрлан Албанның өнер адамдарының қолында ешқандай билік жоқ екенін, тек қана барынша халықты қолдауға атсалысатынын тілге тиек етті.

"Біріншіден, біз өзімізді өзіміз қорғайтындай үлкен мемлекеттік орган емеспіз. Әркім жеке өзіне жұмыс істеп жатыр. Екіншіден, қазір осы қиналып жатқан ел-жұрттың ішінде баспана беріп жатқан қазір 3-4 қор бар. Сол қордың идеясы кімнен шықты? Өнер адамдарынан. Мемлекет беріп жатқан жоқ. Қазір, санасаңыз, мысалы "Харекет" қорының өзі мыңнан астам үй беріп жатыр. Оны үйлестіруші, ұйымдастырушы, осы проектіні алып келуші кім? Өнер адамы. Қазіргі "Жігіттер" тобындағы бауырым, Ердос бауырым қандай әдемі бастама бастады. Қаншама қазақ үйлі болып жатыр. Соған әйтеуір көптің Ердостың өзі алып бермесе де, қарапайым халықтың соған іске асуына ұйытқы болып отыр. Арысымыз жарылды. Қолымыздан келгенше ақшамызды жинап, көмек бердік. Су басты. Зеңбірек атылды. Анау болды. Барлығында әнші. Ол кезде әнші жақсы... ", – деді ол.

Нұрлан Албан әлеуметтік желіде түрлі жарыстар ұйымдастырып, халықтың ақысына қалып жатқан өнер адамдары туралы да айтты. Оның сөзінше, мінсіз адам болмайды. Өнер адамының біреуі мүлт кетті екен деп, барлығы сондай деген пікір қателік. Бұл, өз кезегінде, олардың заңнан хабарының жоқтығынан.

"Әрине, өйткені, оған байыптап қарасаңыз, мен қазір соңғы кезде салып жатқан әрбір постымда хэштегпен өзіңнен баста деп жазып жатырмын. Шынымен де, біз өзімізден бастауымыз керек. Бірақ та мына алмалы-төкпелі қазіргі заманда болып жатқан оқиғалар немен бітеніне мен алаңдаймын. Соңы не болар екен? Әліптің арты қалай болар, қалай бітеді? Сол мені қатты алаңдатады", – деді.

Еске салсақ, Нұрлан Албан осыған дейін қаңтар оқиғасына қатысты өз ойын білдірген еді. Ол халыққа қолдау көрсету мақсатында алаңға шыққан өнер иелері туралы айтқан болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1954075-men-ali-tirimin-goi-nurlan-alban-ozine-tis-qairagan-seneunikter-turaly-aitty/

pixel