"Сөйлей де алмадым": Желіден жоғалып кеткен Дина Төлепберген байланысқа шықты
Жарияланған күні:
Отандық танымал тележүргізуші Дина Төлепберген елімізде орын алған жағдайлардан кейін әлеуметтік желілерден жоғалып кетті. Бір ай бойы жазба жарияламаған ақпарат өкілі үшін оқырмандары алаңдап, дабыл қақты. Күні кеше ол желіге жазба жариялап, жағдайын түсіндірді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Дина Төлепберген өзінің жоқ болып кетуіне не себеп болғанын Instagram парақшасында ашып айтты. Журналист елімізде болған жаппай тәртіпсіздіктерден кейін ештеңе жазғысы да келмеген. Бүгінде ол Алматы қаласында. Ақпарат өкілі өзі үшін алаңдаған жұртшылыққа үндеу жасап, амандығын жеткізді.
Ол барлық ақпарат легін сараптап, кейін өзі нақты мәліметтерді жеткізбек. Оған қоса, тележүргізуші жұмысында өзгерістер орын алып жатқанын да айтып қалды.
"Тура бір ай бойы мен ештеңе жазбадым. Жаза да, сөйлей де алмадым. Ең алдымен қанды қаңтар оқиғасында мерт болған батырларымыздың отбасына қайғырып, көңіл айтамын. Бекем болыңыздар.
Елдегі болған жағдайға байланысты рас-өтірігі аралас ақпараттарды таратып жүргендер көп. Сондықтан мен ешбір дерекпен бөлісіп жүрген жоқпын. Өзім тексеріп, анықтаған соң (шамам жетсе) жасырмай жеткізермін.
Жұмыста өзгерістер болып жатыр. Әсіресе "Астарлы ақиқат" жайлы сұрап жатқандарыңызға көп рақмет. Осы сын сағатта халық пен билік арасындағы көпір бола алмағаныма жүрегім қан жылайды. Динадан ақиқатты күттіңіздер, білемін. Бірақ дәл бұлай болғанның өз себебі бар. Ол жөнінде ертең жазамын. Әзірге, мен үшін алаңдағандарға айтарым - басым аман. Алматыдамын", - деп жазды ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1954335-soilei-de-almadym-zeliden-zogalyp-ketken-dina-tolepbergen-bailanysqa-syqty/