Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бір апта бойы ештеңеге зауқым жоқ": Роза Әлқожаның жазбасы елді алаңдатты

Опубликовано:

Роза Әлқожа
Роза Әлқожа. Фото: Видеодан кадр

Отандық танымал әнші Роза Әлқожа елге жан сырын ақтарды. Өнер иесі өткеніне үңіліп, осы күнге дейін жасаған істерін тізіп шықты, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Роза Әлқожа өз өмірі жайлы әсерлі жазбамен Instagram парақшасында бөлісті.

"Әлдеқандай қорқыныш пен жауапкершілік төсектен жұлып алды! Бір апта бойы ештеңеге зауқым жоқ, үйден ұзамаппын. Дауыл алдындағы тыныштық секілді я биікке секіру алдындағы шегіну ма екен?! Концертке ұсыныс түскелі өткеніме "сүңгіп" кеткен сияқтымын.

Осы күнге дейін бар тапқанын әдемі көйлек пен әннің әріне, бейнебаян мен оның машақатына, үлкен кештерге жұмсаған жаным бір мұңға батты. Өз кітабын өзі шығарған, несібесін көппен бөліскен Розада ары-бері жүруге дұрыс көлік те жоқ екен-ау?!

Ертең құда келсе деп зәулім үй де салмаған бұл қарапайым келіншек саналы ғұмырын ел арасында, бала мен қазанның ортасында өткізіпті! Жарының шайын үнемі құйып бермеген шығар. Бірақ құдайдан құйылған әнді жүректерге жеткізіп, жырдың азабын анық өткізген. Балаларының қалай өскенін де білмеуі мүмкін, ал әр әнінің жүректерге жетуі үшін таң мен түн қатқан", - деп жазды әнші.

Сонымен қатар, эстрада жұлдызы өзін не үшін құрметтейтінін айтты.

"Бүгін осы Розаны ерекше еркелеткім келді. Мен оны ешкімнен ештеңе дәметпей, өзі алға ұмтылғаны үшін, дүниеге жүрегін бермегені үшін, құдайға ғана тәуекел еткен үлкен жүрегі үшін құрметтеймін! Ең үлкен сый - ол жаратқанның таңдайдағы жазу мен маңдайдағы жазуды үйлестіргені! Тамшы болып түссе де, ұдайы жаныңды мөлдіретіп отырған жан жаңбырынан айналдым!

Мен өмірді сүйемін! Мен өмірді осынау қиын да күрделі жолдармен жүргізіп, тағы да зәу биікке самғауымды күтіп отырғаны үшін сүйемін! Өйткені мен биікті жақсы көрем! Өйткені, мен әнге мәңгі адал болуға серт берген қайтпас жауынгермін", - деп жазды ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1955294-bir-apta-boiy-estenege-zauqym-zoq-roza-alqozanyn-zazbasy-eldi-alandatty/

pixel