Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Азамат Сатыбалды: Ақын Мұқағалидің рөлін сомдау үшін 20 күн ішінде 12 келі салмақ қостым

Опубликовано:

Азамат Сатыбалды
Азамат Сатыбалды. Фото: Алматы телеарнасы

Актер Азамат Сатыбалды "Таңғы STUDIO" бағдарламасында өзі сомдаған ақиық ақын Мұқағали Мақатаев туралы түсірілген "Бұл ғасырдан емеспін" телефильмі жайында айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Актердің сөзінше, 4 бөлімнен тұратын фильм Мұқағали Мақатаевтың әруағына тағзым ретінде түсірілген.

"Эфирге шыққанына небәрі екі күн болды. Бізге келіп жатқан хаттар өте көп. Бірі мақтап жазып жатса, енді бірі фильмнен басқа тұлғаларды іздеп, өз пікірін білдіріп жатыр. Осы тұста айта кетейін, бұл фильмде Мұқағали ағамыздың соңғы 3 жылы ғана алынған", - дейді Азамат Сатыбалды.

Актер түсірілім барысында салмақ қосу мен қайта арықтау жағы қиын болғанын айтады. Ол 20 күн ішінде 12 келі салмақ қосқан екен.

"Маған трансформация жағы өте қиын болды. Себебі аз уақыттың ішінде салмақ қосып, қайта арықтадым. 20 күн ішінде 12 келі салмақ қостым. Салмақ қосуға укол көмектесті. Арықтау жағы да өте қиын болды 10 күннің ішінде қайта 12 келі тастадым. (...). Одан да көп салмақ тастағым келді. Бірақ уақыт өте аз болды", - дейді Азамат Сатыбалды. 

Сондай-ақ, актер Мұқағали Мақатаевтың рөлін сомдау арманы болғанын да айта кетті.

"Бала кезімізде ағамыздың өлеңдерін бір тақпақ ретінде қарайтынмын. Академияға түсіп, актер болғаннан кейін әрбір поэзиясын, өлеңін зерттеп, өміріне үңіліп, бала, адам, жігіт ретінде ғашық болдым. Әлі де ғашықпын", - дейді ол.

Осы ретте, Азамат Сатыбалды Мұқағали Мақатаевты отқа теңеді. Айтуынша, ақиық ақын Алматыға жалындаған 31 жасында келіп, 45 жасына дейін талай шаруаны атқарған.

"Мен сомдаған Мұқағали – от. Егер аң дейтін болсақ, қасқыр. Мен әрбір рөлге осылай келемін. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлын сомдайтын болсам ол – су. Ағып жатқан Ертіс. Үсті тыныш, бірақ асты буырқанып жатыр. Аң деп елестетсек, онда жолбарыс. Өте сабырлы, айбат шексе, еш нәрсеге қарамайды. Ал мен Мұқағали ағамызды от деп алдым. Себебі жалындап тұрған 31 жасында Алматыға келіп, 45 жасына дейін талай шаруаны атқарып кеткен. Ол – өз өлімін алдын ала біліп кеткен ақын", - дейді өнер иесі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1955381-azamat-satybaldy-aqyn-muqagalidin-rolin-somdau-usin-20-kunnin-isinde-12-keli-salmaq-qostym/

pixel