"Димаш, Скриптонит бар": Абаев жаңа толқынды қалыптастыру жоспарын бөлісті

Опубликовано:

Дәурен Абаев
Дәурен Абаев. Фото: Sputnik / Болат Шайхинов

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев дүниежүзіне танылатын "Қазақстанның жаңа толқынын" қалыптастыруға мүдделі екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Мәдениет саласына жаңа толқын керек. Ол режиссерлер, жазушылар...Біздің мэтрларымыз бен корифейлеріміз бар. Бірақ өсіп келе жатқан жастарды да қолдауымыз керек. Оларға жақсы серпін беруіге тиіспіз. Қазір Димаш, Скриптонит бар, олар жақсы танылып жатыр. Бірақ қолдай түссек, бұдан да жақсы нәтижеге жетеміз. Әлем Қазақстанның жаңа толқыны туралы айтуы керек. Сондай брендті қалыптастыруымыз қажет", - деді Абаев журналистерге берген сұхбатында.

Алқа мәжілісінде министр алдағы уақытта дарынды режиссерлердің қалай іріктелетінін айтты.

"Мысалы, бізде Жүргенов атындағы өнер академиясы бар. Үздік түлектер кино орталығында фильм түсіретін болады. Сөйтіп, дебют жасауға мүмкіндік береміз. Осылайша, біршама уақыттан кейін жаңа режиссерлердің тобын дайындап шығарамыз.

Иә, барлығы бірдей үздіктердің қатарынан көрінбеуі де мүмкін. 10 адамнан бесеу шыға ма, бірақ бес-алты жылдың ішінде жаңа режиссерлер тобы болады. Бұл мысал ғана, бұл әдісті басқа салаларға да қолданамыз", - деді Абаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1956438-dimas-skriptonit-bar-abaev-zana-tolqyndy-qalyptastyru-zosparyn-bolisti/