Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Банк жалғыз баспанамды тартып алды": Құралай Нұрқаділова басынан өткен қиындықтарын еске алды

Опубликовано:

Құралай Нұрқаділова
Құралай Нұрқаділова. Кадр: YouTube/Менің өмірім

Отандық дизайнер Құралай Нұрқаділова "Менің өмірім" бағдарламасына сұхбат берді. Сұхбат барысында ол жуық арада Ресейге көшпек ниетте екенін және мүлдем басқа салаға бет бұрғанын жеткізді. Одан бөлек, дизайнер баспанасынан қалай айырылғанын айтып берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Сұхбат барысында Құралай Нұрқаділова өзінің жеке басындағы жаңалықтардан хабардар етті. Айтуынша, ол қазіргі таңда психология саласын меңгеруді қолға алып, осы салада білімін жетілдіру үшін арнайы білім алған. Сондықтан, ол қазіргі таңда парапсихологияда өзін сынауда. Осыған байланысты Құралай Заманбекқызы жуық арада Ресейге көшуді жоспарлап отыр екен.

"Мен өзгерістерді бастан кешіріп жатырмын. Қазір ештеңе айта алмаймын. Себебі Мәскеуге көшіп бара жатырмын. Мен үшін Мәскеуде, Парижде, Лондонда, Нью-Йоркте жаңа мүмкіндіктер көп. Мені осы қалалардың барлығына шақырған. Бірақ (осы уақытқа дейін - ред.) мен өз елімнің патриоты болғандықтан, Қазақстанда қалдым. Мен Қазақстан үшін көп нәрсе жасадым, енді өзімнің қалауым бойынша өмір сүрсем деп едім.
15 жыл бұрын кетсем басқаша болар еді. Сондықтан, маған қазір көшу керек. Көшпесем, мен кешігіп қалам, өкініп қалам. Бәлкім Ресей мен Қазақстан арасында жүретін шығармын.
Маған шетелдік клиенттер көп хабарласады. Жалпы мен өзімді шетелдің адамымын деп есептеймін. Бір жерде отыра алмаймын. Қай жерде жүрсем де, маған сол жер тар секілді боп көрінеді. Әлі көп нәрсе жасауым керек. Ал нақты немен айналысатыным туралы әлі де ойланып жүрмін. Салған суреттерімнің көрмесін жасауым да мүмкін Парижде", - деп көшуінің себебін түсіндірді ол.

Құралай Нұрқаділованың сөзінше, жақында оның төл картинасын белгісіз жан 50 мың долларға сатып алған. Алайда сатып алушының кім екенін ол әлі күнге дейін анықтай алмапты.

"Сізді сүйетін жан ба екен" дейді көбісі. Бірақ ол расымен солай ма, әлде өнерді бағалайтын кісі ме - мен ол жағынан бейхабармын", - дейді өнер иесі.

Сұхбат барысында Құралай Заманбекқызы жеке өмірі туралы да айта кетті. Айтуынша, некеде болған кезде күрделі жайттарды басынан өткерген. Десе де ол балаларының әкесі туралы ешқашан жаман сөз айтпайтынын мәлім етті.

"Менің жеке өмірім өте күрделі болды. Бұл жай ғана әйел мен ер адам арасындағы қарым-қатынас қана емес, мұнда саясат, елдегі жағдай, менің танымалдығым, тақ таласы деген сынды жайттар араласып кетті. Көптеген адамдар араласты. Мен бұл туралы кітап жазамын. Бұл жай ғана оқиға емес. Сатқындық, ауыр сәттер дегендердің бәрінен өттім. Қазір мен осы өміріме ризамын", - деді ол.

Құралай Нұрқаділова анасына қатысты да бірқатар шындықтың бетін ашты. Айтуынша, әкесінің жаназасы кезінде анасы ел көзіне түспеуге тырысқан. Анасының бұл әрекетін ол даналыққа балады.

"Анам жалғыз тұрады. Намаз оқиды, осыған саналы түрде келді. Ағам да бөлек тұрады. Ағам да, анам да өзімен-өзі өмір сүргенді қалайтын жандар. Менің өздері туралы айтқанымды қаламайды. Олар да көптеген шындықты жақсы біледі. Анам әкемнің бірінші әйелі ретінде, жалпы әйел ретінде айтары көп екені айдан анық.

Анам ешқашан, еш уақытта өзі туралы жар салмайтын жан. Кейде үндемей-ақ, кеуде соқпай-ақ жүретін адамдарды бағалай білуіміз керек. Анам әкемнің беделін қатты құрметтейтін. Тіпті әкемнің жаназасы кезінде де өзін ел алдында көрсетпеуге тырысты. Сұхбат та бермейді. Себебі, дана адам. Ол ерінің қалыптасуына ықпал еткен әйел. Мен оны нақты білемін. Себебі, әкем анамнан көп кеңес сұрайтын, ол саясатты да, басқаны да өте жақсы білетін сауатты адам", - деді ол.

Ашық әңгіме кезінде Нұрқаділовтің қызы баспанасынан айырылған күндерін еске алды.

"Мені халық қабылдаған жоқ. Әкесінің ерке қызы деп санайтын. Бірақ ондай емес. Мені халық та, элита да қабылдамайтын. Менің жақсы киінуге де шамам болмаған кездер болды. Таңертең тоңазытқышты ашып, балаларымды немен тамақтандырамын деп ойлап, жылайтынмын. Бірақ ел менің мұндай проблемаларым бар екенінен бейхабар болды. Сондықтан мені қабылдамайтын.
Мысалы, қазір менде әлі күнге дейін пәтер де жоқ екенін айта алмаймын. Белгілі бір банкпен (ол банк қазір жоқ) халық үшін күресіп жүріп, нәтижесінде қыстыгүні банк жалғыз баспанамды тартып алғанын (балаларым кәмәлетке толмаған еді) ешкімге айтқан жоқпын. Сұмдық па? Сұмдық. Мен ол туралы айта да алмадым. Қазақстаннан шыға алмайтындай етіп жасады.
Мен өзімнің атым, беделімді шетелде жасау үшін 8 млн долларымды салған едім. Осының барлығы желге кетті", - деді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1956550-bank-zalgyz-baspanamdy-tartyp-aldy-quralai-nurqadilova-basynan-otken-qiyndyqtary-turaly-aitty/

pixel