"Екінші ғұмыры басталды": Ақбота Керімбекова әйгілі әнін Ерке Есмаханға тарту етті
Жарияланған күні:
Қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Ақбота Керімбекова өнердегі сіңлісі Ерке Есмаханға өзінің "Аппақ гүлдер" атты әйгілі әнін тарту етті. Ол өзіне танымалдылық әкелген әннің "екінші тынысы" ашылғанын хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Бұл туралы өнер иесі Instagram парақшасында айтты. Керімбекова "Аппақ гүлдер" әнінің арқасында өзінің мерейі өскенін айтып, өз ризашылығын білдірді.
Эстрада жұлдызы ендігі бұл хитін Ерке Есмахан орындайтынын жеткізіп, оған сәттілік тіледі.
"Әншінің ғұмыры жүрекке жететін әндерімен өлшенеді. Сахнада жүрген 25 жылымда менің де әндерім саналы, сарабдал тыңдармандарымның жүректеріне жол тауып, мерейім өсті, маған арнап ән жазған авторларымның үміті ақталды.
Сондай хитке айналған әндерімнің бірі - "Аппақ гүлдер". Әлі күнге дейін сұраныстан түспеген бұл әннің бүгіннен бастап екінші ғұмыры басталды десем болады.
Себебі, мен ол әнді ізімізден еріп келе жатқан талантты сіңліміз, бүгінгі қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Ерке Есмаханның репертуарына әпкелік жолыммен тарту еттім!
Тыңдармандарым, өткен жылы менің үлкен сахнаға көтерілгеніме 25 жыл толды. Сол алғаш сахнаға шыққан күндерімнен бастап орындаған әрі ел сүйіспеншілігіне бөленген әндерімді өзге әріптестеріме, іні-сіңілдеріме орындауға табыстаудамын. Осы жылы мерейтой құрметіне үлкен концерт жасап, сол жерде екінші тынысы ашылған әндерімді жаңа орындауда халыққа табыстырмақ ниетім бар", - деп жазды ол.
Сонымен қатар, Керімбекова жақсы әндер ұзақ ғұмыр сүру керек екенін айтты Сол себепті, әнші алдағы уақытта өзінің басқа да хит әндерін өзге жұлдыздарға тарту етуді шешкен.
"Жалпы, жақсы әннің жұлдызы ешқашан сөнбеуі керек деп есептеймін. Өйткені, ол туындыларда авторлардың тағдыры, сан-мыңдаған ғұмырдың кескіндемесі және миллиондаған әнсүйер тыңдарманның махаббат-ықыласы бар. Сол себепті де халыққа өзімді әнші, талғамды шығармашылық иесі ретінде танытқан әр жылдардағы хиттерімді тарту етемін деп шештім.
Айналайын Еркежан, ерке сіңлім менің! Күллі Қазақстанға, алыс-жақын шет елдерге атымды әйгілеген осы ән саған да құт болсын! Басыңда әрқашан ән өнерінің аппақ тәжі, құшағыңда тыңдармандарыңның ықыласпен сыйлаған әппақ гүлдері болсын! Самға, "Аппақ гүлдерім", - деп жазды әртіс.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1960193-ekinsi-gumyry-bastaldy-aqbota-kerimbekova-aigili-anin-erke-esmaxanga-tartu-etti/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.