Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Кино деп есептемеймін": Ермек Тұрсынов отандық комедиялардың сапасына сын айтты

Опубликовано:

Ермек Тұрсынов
Видеодан кадр: Youtube/Talklike

Белгілі режиссер Ермек Тұрсынов отандық киноиндустрия саласында жүрген режиссерлер туралы көзқарасын айтты. Журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында Ермек Тұрсынов соңғы он жылда түсірілген фильмдердің біріне де көңілі толмайтынын жеткізді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ермек Тұрсыновтың сөзінше, өткен жылы Қазақстанда 76 толықметражды кино түсірілген, оның басым бөлігі - комедия.

"Мен Мәскеуден оқуды бітіріп қайтып келгенде, 1989-90 жылдардың басында жылына бір кино шығатын. Өткен жылы бір қорытынды шығарды, сондағы тізімді қарап отырсам, жылына Қазақстанда 76 толықметражды кино шығады екен. Ал солардың көбі - комедия. Бұл киноларды мен кино деп есептемеймін. Тек қана мазақ қылу. Олардың мақсаты ақша ғой. Нағыз кино түсіретіндер аз - мысалы Сәбит Құрманбеков, Серік Өтепбергенов.

Серіктің "Немая прохлада" деген қысқаметражды киносы бар. Он ешкім білмейді, көрмеген де шығар. Сол фильмді көрген соң, мен Серікті сыйлай бастадым. Нағыз талант, дұрыс бағытта жүрсе, дарыны ашылады. Басқа бірде-бір жақсы кино көрдім деп айта алмаймын. Кейде бір жақсы кадр, кейде актері жақсы ойнайды, кей киноларда сценарийі жақсы, бірақ толық бір киноны нағыз кино деп атай алмаймын", - дейді Тұрсынов.

Режиссер өзінің қазіргі кино туралы пікіріне мәскеулік ұстаздары - атақты Эльдар Рязанов, Георгий Данелия, Мотыль, Червинский сынды кинорежиссерлерден алған білімінің әсері бар деп ойлайды.

"Осы кісілерден қанша жыл оқыдық. Бүкіл әлемдік шедеврлерді көріп шыққан адамбыз. Мүмкін сол ұстаздарым жаман үйреткен шығар, талаптарымыз биік", - дейді ол.

Сондай-ақ, Ермек Тұрсынов саны бар, сапасы жоқ кинолардың түсірілуін қолдамайтынын жеткізді. Оның сөзінше, қазіргі кино авторларының көрерменге берері жоқ.

"Біреулер айтады, қазір сапасы төмен болса да сан керек деп. Мен онымен келіспеймін. Сапасын бір түсіріп алдың ба, сөйтіп кете береді. Біздің ұстаздарымыз айтатын: "Егер кино түсіретін болсаң, (көрерменге - ред. ) айтарың бар ма? Көрерменіңді сыйла, ол сенің серіктесің, сенің досың. Сенің мұңдасың", - деп. Ал қазіргі мына түсіріліп жатқан кинолардың авторлары нені көздейді? Олар көрерменге серіктес емес, оның қалтасын тонап жүргендер. Беретін ештеңесі жоқ, олар алайын деп жүр", - дейді режиссер.

Алайда Ермек Тұрсынов жаңадан қалыптасып келе жатқан жас режиссерлер туралы оң пікір білдірді.

"Айсұлтан деген жас жігіт бар. Мені іздеп келген. Америкада тұрады екен. Өзі түсірген роликтерін көрсетті. Шеберлігі бар. Ашаршылық туралы кино түсіргісі келетінін айтты. Көмектесесіз бе деді. Синопсисін жазып көрсетті. Өте білімді, дарынды, таза жігіт. Ақшаның бағасын біледі, бірақ тек қана ақша қуып кеткен адам емес. Сонысымен мені баруап алды. Сценарийіне көмектестім. Киносына да араластым. Кастингін де жүргізіп бердік. Кино түсірді, жақында көреміз", - деді ол.

Сөз соңында режиссер өзінен ақыл-кеңес, жөн сұрап келетін жастар болса, оларға әрқашан көмек беруге дайын екенін айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1960643-men-bulardy-kino-dep-eseptemeimin-ermek-tursynov-otandyq-komediyalardyn-sapasyna-syn-aitty/

pixel