23 жастағы польшалық бойжеткен "Әлем аруы - 2021" байқауының жеңімпазы атанды

Опубликовано:

Каролина Белявская
Каролина Белявская. Фото: twitter.com/MissWorld

Пуэрто-Риконың Сан-Хуан қаласында "Әлем аруы - 2021" байқауының жеңімпазы анықталды. Сұлулық сайысында польшалық Каролина Белявскаяның бағы жанды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Miss World сайтына сілтеме жасап.

23 жастағы Каролина Белявскаяға жеңімпаз тәжін 2019 жылы "Әлем аруы" атанған ямайкалық Тони-Энн Сингх табыстаған.

Ал бірінші вице-мисс атағы америкалық Шри Сайниге, екінші вице-мисс атағы Кот-д'Ивуар өкілі Оливия Яске бұйырған.

Каролина Белявска
Фото: missworld.com

Каролинаға келсек, байқаудың ресми сайтының мәліметінше, қазіргі уақытта ол басқару саласы бойынша магистратурада оқып жатыр және докторантурада оқуын жалғастырғысы келеді.

"Сондай-ақ, Каролина модель болып жұмыс істейді. Жүзуді, теннис пен бадминтон ойнағанды жақсы көреді. Күндердің күнінде ол мотивациялық спикер боламын деп үміттенеді", - делінген сайттың хабарламасында.

Сонымен қатар, бойжеткен волонтерлік қызметпен де айналысады. Әр демалыс сайын Каролина командасымен Польшаның Лодзь қаласындағы мұқтаж жандарға азық-түлік пен қажетті заттар жеткізумен айналысады.

Еске сала кетсек, бұған дейін 21 жастағы үндістандық Харнааз Сандху Израильде өткен "Ғалам аруы - 2021" сұлулық байқауының жеңімпазы атанғанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1961244-alem-aruy-2021-tazi-23-zastagy-polsalyq-boizetkenge-buiyrdy/