Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Орынбордағы қазақтар жаныма келіп жылады": Тұрсынбек Қабатов Ресейдегі концерттері туралы айтты

Опубликовано:

Тұрсынбек Қабатов
скриншот: www.youtube.com

Танымал шоумен, "Әзіл Әлемі" театрының жетекшісі Тұрсынбек Қабатов "Қызық Live" бағдарламасында қонақта болды. Бағдарлама барысында сықақшы Ресей қалаларында берген концерттері жайлы баяндап берді. Сонымен қатар, ол шығармашылық жоспары туралы да ақпаратпен бөлісті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бағдарлама басында Тұрсынбек Қабатов Ресейдің Омск, Орынбор қалаларындағы концерті туралы айтып берді.

"Ол жақта қазақтар бар. Омскіде, әсіресе, қазақтар көп екенін білмеппін, шыны керек. Залға келсем, өзіміздің қаракөз қазақтар жарты зал. Керемет енді. Қазақтар түсінеді, түсінбейді емес. Бәрін түсінеді. Асықпай сөйлеп отырсаң, бәрін түсінеді. Енді менің темпімді білесіздер ғой, сөйлеген кезде. Тез-тез сөйлеп отырғанда, бірін түсініп, бірін түсінбей қалды-ау деймін", - деп Тұрсынбек Қабатов әңгімесін әзілмен бастады.

Сықақшының айтуынша, Омск, Орынбордағы жұрт шекара асып, Ақтөбе, Оралға концерт тамашалауға келетін көрінеді. Соның өзінде кей кездері билет болмай, ішке кіре алмай, кері қайтқан кездері де болған.

"Алғаш рет келіп отыр екенмін Ресейге. Омскіге қазақтың өнер адамдарынан ешкім бармаған екен осы уақытқа дейін. Орынборда тұратын қазақтардың өзі маған келіп, жылады ғой. Біз енді Орынбор - қазағымыздың тұңғыш астанасы дейміз ғой. Осы уақытқа дейін Қазақстаннан бірде-бір өнер адамы бармаған. Арасында қасында Орал, Ақтөбе жақын ғой, сонда барып, концерттерге барып келеді екен.

Қазір Instagram, Facebook бар, сол арқылы көріп, осындай күні концерт екен деп келеді. Онда да кей кездері билет болмай қалып, далада қалған күндеріміз болды деп айтып жатады. Сондықтан да, біздің өнерде жүрген бауырларымызды, театрларды, мемлекеттік филармония, опера театрларын күтеді" - деді бағдарлама қонағы.

Сонымен қатар, Тұрсынбек Қабатов Ресейдегі концертінде орын алған, өзін таңғалдырған қызықтарын бөлісті.

"Ол жақта көрермен барлығы гүлмен келеді екен. Содан сахнаға шыққан кезде гүлді беріп тастайды. Мен сахнаға шықтым, бір кезде халық орнынан тұрып, бәрі маған қарай гүл алып келе жатыр. Мен енді ондайды көрмегенмін ғой. Гүлді алып жатырмын, алып жатырмын. Рахмет, рахмет деп. Гүл үйіліп қалды. Сосын айттым: "Сіздер гүлді беріп тастап, кетіп қалайын деп жатқан жоқсыздар ма? Концерт көріп кетсеңіздерші", дедім әзілдеп", - дейді Тұрсынбек Қабатов.

Бағдарлама барысында "Әзіл әлемі" театрының жетекшісі әзілкеш ретінде қалыптасуына себепші болған оқиға туралы баяндап берді. Оның айтуынша, ол театрда өнер көрсетемін, сықақшы боламын деп ойламаған екен. Мектеп кезінен бастап әнші боламын деп дайындалған екен.

"Мен жалпы мектеп кезінде ән айтып жүргенмін. Әнші боламын деген мен сахнада мүлдем әзіл айтқан емеспін. Сенесіздер ме? Мүлдем әзіл айтқан емеспін. Мен мектепте жүргенде де, тіпті Оралға келгенде де. 4 жыл оқуға түсе алмай, ауылда жүргенмін. Барлығынан өтіп келіп, емтиханға келгенде құлап қаламын. Екінші жыл барамын, құлап қаламын. Үшінші жылы бардым, құлап қалдым. Төртінші жылы да сондай.

Сонда менде екі ғана мүмкіндік болды. Емтиханға қатысу керек болды немесе Орал қаласында "Дала дарындары" деген байқау болып жатты. Соған қатысу. Ал ол байқаудың жеңімпазы Астана қаласындағы "Шабыт" деген фестивальге баратын. Сөйтіп мен келемін де, тізімді қараймын ғой. "Вокалисты" дегенді қарасам, 178 адам тіркеліп тұр.

Тағы не бар деп қарасам: "Эстрадный разговорный жанр" деп тұр. Қарасам: 5 адам тіркеліп тұр. Алтыншы орын алсаң да, ауылға барсаң ұят емес қой. Енді 178 адамның ішінде, екі адамды жеңдім дегеннің өзінде 176-шы орын алдым деп барғаннан гөрі жақсы ғой дедім. Нешінші орын алдың десе, алтыншы орын алдым деп барасың ғой, әйтеуір".

Сөйтіп Тұрсынбек Қабатов "Дала дарыны" байқауында бағын сынап көрген екен. 1999-2000 жылдары көпшілік біле бермейтін пародия жанрында өнер көрсетеді. Айтуынша, бір түн ішінде дайындалып, "Молодец, Мырзабаев" деген қойылымды ойлап тапқан.

"Сөйтіп гран-при береді. Астанаға барамын, ол жақтан гран-при аламын. Содан 3 күн өткеннен кейін концертке қатыстым. Алдымда Елбасы отыр. Үкіметтің концертіндемін. Одан 15 күн бұрын ауылда жүрген адаммын ғой. Содан "Молодец, Мырзабаевты" орындап, Астанада қалған едім. Сол жерден жұмыс берді. Сөйтіп әнді ұмытып кеттім", - дейді.

Қабатовтың айтуынша, ол театрдың ішкі "кухнясының" да өзіндік ерекшеліктері бар. Әсіресе, бір-бірінің кем-кетігін жөндеуге келгенде, актерлер барлық нәрсені ашық айтқанды жөн көреді екен.

"Театрда бетіме айтпақ түгілі, бетімді жыртып алатын адамдар бар. Енді басында айтпайтын. Өзі солай ғой. Қай сала да, басында адамдар бір-біріне үйренеді. Басында мен жетекші, жігіттер театрда жұмыс істейтін. Қазір енді әлеуметтік желі бар, әрқайсысы өз орнын тапты өмірде. Әрқайсысының өзінің көрермені бар, әрқайсысының өзінің оқырманы бар. Қазір Қайрат өзінің ойын маған айтып отырады. Аманғали да. Ол да негізі дұрыс, өзінің пікірін айта білген", - деді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1961897-orynbordagy-qazaqtar-zanyma-kelip-zylady-tursynbek-qabatov-reseidegi-koncertteri-turaly-aitty/

pixel