Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мұхит Сапарбаев өзіне қолдау білдірмеген кәсіпкерлік орталығына шүйлікті

Опубликовано:

Мұхит Сапарбаев
Фото: Instagram/msaparbayev

Отандық танымал журналист Мұхит Сапарбаев өзіне қолдау білдірмеген кәсіпкерлер орталығына өз ренішін жеткізді. Ақпарат өкілінің сөзінше, орталық қызметкерлері оның жасап жатқан дүниесі үкіметтің қолдау бағдарламасына сай келмейтінін айтып, шығарып салған, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Мұхит Сапарбаев басынан өткен жағдайды Instagram парақшасында баяндады. Журналист өзі басып шығарған кітабын ары қарай дамыту мақсатында аталмыш орталыққа жүгінген. Алайда, өкінішке орай, олар ақпарат өкілінің жобасына қолдау көрсете алмайтындарын жеткізген.

"Qolday қолдамады. Алматы қаласындағы қолдау Qoldau кәсіпкерлер орталығына бардым. Өз жобама қолдау табамын ба деп ойлап едім, арқамнан қағып шығарып салды. Сөйтсем менің қазақы нақышта шығарған тұңғыш жасөспірім мен балаларға арналған Zerde арт терапиям "Перечень приоритетных секторов экономики" деген санатқа кірмейді екен. Қолдаулықтар қолдау үшін ақшаны тек шетелден қымбат аппараттар алсаң немесе елде жоқ бизнес ашсаң беретінін айтты. 

Маған қызмет көрсеткен маман сіздің жасап жатқан дүниеңіз үкіметтің қолдау бағдарламасына сай келмейді деп шығарып салды. Осы тұста, менде сұрақ туындайды? Билік сонда кімдерді қолдап жүр? Балаларымыздың тілі ютуб қарап орысша шығып жатқаны белгілі.

Ал біздің елде кішкентай балаларға арналған ұлттық нақышта жасалған раскраска да жоқ! Қазақтың болашағы кішкентай бүлдіршіндер "Маша и Медведь", "Спанч боб", "Суперменді"  бояғанға мәз. Біздің елде идеологияға жауаптылар кімдер? Білім министрлігі қайда қарап отыр? Нағыз патриоттық рухты көтеретін батырларымыз бен бабаларымыздың бейнесі суреттелген, ұлттық аспаптарымыз суреттелген салт дәстүрімізді дәріптейтін "Zerdе" сияқты менің жобаларыма неге қолдау көрсетілмейді", - деп назын жеткізді Сапарбаев.

Сонымен қатар журналист ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, білім министрі Асхат Аймағамбетовке үндеу жасады.

"Осы уақытқа дейін мен — Мұхит Сапарбаев бірде-бір билік өкілінің есігін қағып қолдау сұраған жоқпын. "Zerde" кітабы 100% (пайыз) өз қаражатыма жасалған. Енді бұл жобаны ары қарай дамыту үшін мемлекет тарапынан грант қажет, қолдау қажет.

Осы орайда Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы, президент әкімшілігінің орынбасары Аида Ғалымқызы, ҚР білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы, ҚР мәдениет және спорт министрі Дәурен Әскербекұлы, Алматы қаласының әкімі Ерболат Асқарбекұлы, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Оразбайұлына ресми түрде өзімнің парақшамда үндеу жолдағым келеді. Біз сияқты қазақ тілінде кітап шығарып, қазақ мәдениетін дәріптеп болашақ ұрпаққа құнды мирас өндіріп жатқан авторларды кім қолдайды? Сіздерден хат-хабар күтемін", - деп жазды ол.

"Қолдау" кәсіпкерлер орталығы да бұл орын алған жағдайға қатысты пікір білдіріп, мән-жайды түсіндіруге тырысты.

"Құрметті Мұхит Сапарбаев! "Бизнестің жол картасы – 2025" бағдарламасы шеңберінде инновациялық грант беру бизнесті мемлекеттік қолдау шарасы болып табылады, оған қатысу шарттары ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы №1060 қаулысында айқындалған. Бағдарлама Қазақстан Республикасының барлық аумағында қолданылады, қатысудың бірыңғай талаптары мен ережелері бар. Алматы қаласы бойынша бағдарламаның үйлестірушісі Алматы қаласының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы болып табылады.

Кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында "Qoldaý" кәсіпкерлік орталығы халыққа түрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мәселелері бойынша тегін консультациялық қызметтер көрсетеді. Сіздің сұрағыңызға сәйкес, грант алуға өтінімдерді қызметі экономиканың басым секторларына жататын шағын бизнес субъектілері ғана бере алады. "Экономиканың басым секторларының тізбесі" жоғарыда көрсетілген қаулыда бекітілген, мәтінге жалпы қолжетімділік берілген. Тізбеде 58 "Баспа қызметі" ЭҚЖЖ бар (бұл бөлім кітаптарды, брошюраларды, буклеттерді, сөздіктерді, энциклопедияларды, сызбаларды, газеттерді, журналдарды және баспа басылымдарының басқа да түрлерін басып шығаруды қамтиды).

Егер сіз "Баспа қызметі" саласында жобаны іске асыруды жоспарласаңыз, QOLDAU.KZ веб-порталына 2022 жылғы 4-15 сәуір аралығында өз бетіңізше өтінім бере аласыз (бұл республикалық цифрлық платформа, біздің ұйымға тікелей қатысы жоқ). Сондай-ақ, баспа өнімдерін сату сауда саласына жатады және тиісінше экономиканың басым секторы болып табылмайды. Осыған байланысты Сіздің сұрағыңыз "Qoldaý" кәсіпкерлік орталығының құзыретіне кірмейді", - деп жауап қайтарған орталық өкілдері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1962890-muxit-saparbaev-ozine-qoldau-bildirmegen-kasipkerlik-ortalygyna-suilikti/

pixel