"Бұл - біздің жер, біздің ел": Анна Данченко Түркістанның сұлулығына тамсанды
Жарияланған күні:
Отандық танымал тележүргізуші Анна Данченко Түркістанға барып, киелі өлкенің сұлулығына тәнті болған. Ақпарат өкілі демалысынан алған әсерін әлеуметтік желіде бөлісті, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Анна Данченко Instagram парақшасында жазба жариялап, Түркістанның бүгінгі тұрмыс-тірлішігін сипаттады.
Тележүргізуші бала күнінде Түркістанға келген кезін есіне алған.
"Жаңа Түркістан. Түркістанға өмірімде екі-ақ барған екенмін. Бірінші рет бұл қаламен 10 жасымда таныстым. Қызылорда қаласында "Әнші балапан" ән байқауына қатысып, барлық қатысушыларға "Қожа Ахмет Яссауи" кесенесіне арнайы экскурсия ұйымдастырылған еді. Екінші рет ағам екеуіміз Түркістанның базарына зат алуға барғанбыз. Аралда пойызға отырып, 9 сағатта көздеген жерімізге жеттік. Сол жылдары Түркістан сауда орталығы саналатын, облыс адамдарының барлығы азық-түлік, киім-кешек алу үшін сол қалаға ағылатын.
Тағамдары дәмді, заттары арзан базар күндіз де, түнде де жұмыс істейтін еді. Пойыздың кестесіне сай көбі "түнгі базарға" баратын. Біз де сол кісілердің қатарында едік. Вагоннан түсе салысымен кәуаптың иісі мұрнымды жарды, жаңа піскен нанның өзі қандай - күн сәулесіндей, доп-домалақ, сап-сары! Жүрек жалғап, базарға қарай жол тарттық. Ақшамыз санаулы, тізімде алатын зат көп. Көрпелерді жаңартып алғанымыз есімде.
Қапшықтап қияр-қызанақты да алып алдық. Ағам саудаласуға ұялып жүргенде, сол кезден-ақ қазақша сайрап жүрген мен алған тауарымыздан біраз ақшаны үнемдеп, артынша оған екеуімізге балмұздақ алғызып алдым", - деп жазды ол.
Оған қоса Анна Данченко киелі мекеннің өз тарихын сақтай отырып, қазіргі заманауи өмірге бейімделып алғанына тәнті болған.
"Жібек Жолы бойында орналасқан Түркістанның қазіргі келбеті басқа. Біраз жаңарғанымен Түркістан адамдары бүгінгі күннің тіршілігіне, сұранысына сай бейімделіп алған, көбі саудада.
Көрікті жерлері де жетерлік. Ағылып жүрген шетелдіктердің таңғалып жүргенін көргенде, ішің жылып, кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді екен! Иә, бұл - біздің жер, біздің ел, біздің тарих.
Қаланы аралауға көп уақытым болмағанымен, бастысы – 15 ғасырда тұрғызылған кесенеге соғып үлгердім. Қожа Ахмет Яссауидың құрметіне салынған бұл тарихи ескерткіш жанында дұға тілеп отырған адам қарасы көп. Ораза уақытымен сай келген бұл іс-сапарым да Алланың қалауымен болса керек. Барлық жанның дұға-тілегі қабыл болсын", - деп жазды ақпарат өкілі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1966847-bul-bizdin-zer-bizdin-el-anna-dancenko-turkistannyn-sululygyna-tamsandy/