Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бұл - хайуандық": Отандық әртістер сахна әдебіне назар аударуды жаппай талап етуде

Опубликовано:

Димаштың ата-анасы
Фото: Instagram/kanat_sveta_aitbayevtar

Отандық шоу-бизнес жұлдыздары Алматыда өткен даулы концерттен кейін сахна әдебін қолға алу керектігін айтып, дабыл қағуда. Олар жұлдыздардың көпшілік алдында бейәдеп сөздер айтып, ерсі қылық көрсетуіне жол бермеу керек деп отыр. Ол үшін әртістер концерттерді бақылауды күшейту қажет деп есептейді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Мұндай ұсынысты алғаш болып Димаш Құдайбергеннің ата-анасы бастады. Олар Instagram парақшасында жазба жариялап, сахна мәдениеті әрқашан сақталуы керектігін түсіндірді.

"Еліміздегі ірілі-ұсақты ғимараттарда түрлі концерттер өткізіліп жатады. Оның ішінде алыс-жақын шетелдерден де келіп, емін-еркін өз көрсетілімдерін халыққа ұсынып жүргендері аз емес.

Қойылым барысында ауыздарына келгенді айтып, анайы тірліктерімен жастардың санасын улап жүргендердің де бар екендігін, әдепсіз іс-әрекеттерін көзі қарақты ағайын әлеуметтік желілерге жүктелген түрлі видеолардан көріп жүрген болар.

Осыларды көріп өскен ұрпақтан не күтуге болады? Кейбір басылымдар мен блогерлердің "ұят" деген ұғым-сөзді құнсыздандырып, теріс іс-әрекетті сынап, ұялтпақ болған адамдарды "ұятмен" атандырып, мазаққа айналдырған күнге жеттік. Ұялу қасиетінен айырылған адам адами қасиетінен де айырылады. Құс ілген қудың ұятта ісі болмайтындығына көзіміз жетіп жүр.

Қоғамдағы кейбіреулердің сананы ұлтсыздандыруға тырысып, ұрпақты болмысынан, дәстүрлі тәрбие негізінен ажыратуға ұмтылуы – қауіпті үрдіс. Ұлттық рухы төмен елдің болашағы бұлыңғыр. Өскелең ұрпақтың не көріп, кімді үлгі тұтып жүргенін бақылаусыз қалдыруға әсте болмайды! Мысалы, мемлекеттің көптеген салаларында қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, бақылауға алатын техникалық қауіпсіздік, санэпидемстанция, т.т секілді түрлі құрылымдар бар. Ал қоғамдық сананың қауіпсіздігін кім бақылайды? Өз бетімен сахнаға шығып, концерт қойып жүргендердің іс-әрекеттері үшін кім жауап береді?

Көптеген елдерде концерт ұйымдастырудың процедуралық жолдары оңай емес. Сан тексерістен өтуге тура келеді. Орындалатын шығармалардың мән-мазмұны сол елдің мемлекеттік идеологиясына кереғар емес пе, сахнаға шығатын адамның репутациясында көлеңкелі тұстар бар ма, жоқ па – бәрі бақыланады.

Бізде демократия, шығармашылық еркіндік деген желеумен жалғанды жалпағынан басып, ойына келгенін жасап, ауызына келгенін айтып жастардың санасын улап жүргендерге барлық есік ашық болып тұр. Елімізде жеке тұлғалар тарапынан өткізілетін концерттік шараларды бақылауға алатын кез келді. Қойылатын концерттердің маршруттық бағытын белгілеп, рұхсат беру функциясын енгізу қажет.

((Бұл міндеттер жергілікті атқарушы биліктің, мәдениет басқармаларының құзырында болуы керек. Өз бетімен халықты жиып алып еш бақылаусыз концерт өткізуге жол беруге болмайды", - деп жазды Қанат және Света Айтбаевтар.

Айгүл Иманбаева да концерттен кейін дауға қалған жас өнерпаздардың қылығын сынап тастады.

"Киім кірі жуса кетеді, көңіл кірі айтса кетеді" демеуші ме еді дана қазақ. Бір мен емес, бүтін қазақтың көңілін кір шалды, жүрегін сыздатты, ұйқысын қашырды. "Ирина Қайратовна" шыққан сол концерттегі бейәдеп қылықтар мен былықтар бір-ақ күнде шашымызды ағартты,  талайымызды қартайтты. "Бардан жұғады, балдан тамады" дейді, бар да емес, бал да емес, Абай айтқан "менімен сен тең бе деп мақтанатын, білімсіз, боқ көтерген боқтың  қаптарын" қалайша киелі сахнада тайраңдатып қойдық?!

"Сахнаның киесі ұрады" дегенді естіп өскен буын едік, осы сөзден-ақ сескеніп едік. Сахнада өнер көрсеткенде сен сол төрдің иесі екенің рас, бірақ сахнаның киесін ұмытатындай не күн туды басымызға?! Біз де ұстаздың алдын көрдік, қазақ елін, топырағын аузына қаратқан небір дүлдүлден сабақ алдық. Бүгінде өзіміз де ұстаз болып, шәкірт тәрбиелеп отырмыз. Көрерменнің ықылас-ілтипаты қашан да бірінші орында тұрады, өнер адамының этикасы, сахнаның әдебі дегенді әр концерт сайын айтамыз, арнайы дәріс те өткіземіз. "Ұстазы жоқтың ұстазы - шайтан" екенін сахна мәдениетін білмейтіндер ерсі қылықтарымен дәлелдегені ме?

Өнердің міндеті не? Ұрпақты, көрерменді тәрбиелеу. Рухын байыту. Жанын пайдалы азықпен семірту. Ал тәнін семіртуді мақсұт еткен мұндайлардың қылығын Отанға жасалған опасыздық деп білемін. Өнердің төрешісі - мен емес, әрине, халық. Халық та неше күннен бері бетін шымшып, кірерге тесік таппай отыр. Жас шығар, біз де жас болдық. Заманауи шығар, біз де кезінде заманның талабына сай жүрдік.

Бірақ аузымыздан ақ ит кіріп, көк ит шығып, сахнада оспадар қылық көрсеттік пе?

Бұл - адамдық емес, сірә, хайуандық, надандық. Ал есті адам, көкірегінде саңылауы бар адам "атымды адам қойған соң, қайтып надан болайын" демеуші ме еді?! Кешегі ұлтынан ешқандай ақы сұрамай, тегін қызмет етіп, жанын пида еткен Алаш арыстарының ізбасарлары қайда? Болашақтың иелері қайда? Қазақтың болашағы қайда", - деп жазды әнші.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1971620-bul-xaiuandyq-otandyq-artister-saxna-adebine-nazar-audarudy-zappai-talap-etude/

pixel