Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Дәлелді жауап күтем": Қалдыбек Құрманәлі ел әнұранына қатысты пікір айтқан депутатқа жауап берді

Опубликовано:

Қалдыбек Құрманәлі
Видеодан кадр: Youtube/Hit TV

Отандық танымал композитор Қалдыбек Құрманәлі Шәмші Қалдаяқов әнін жазған "Менің Қазақстаным" әніне қатысты пікір білдірген парламент сенатының депутаты Нұртөре Жүсіпке жауап берді. Ол әннің ескі нұсқасын "тың игерушілерге арналған марш" деп атаған депутатқа туындының шынайы шығу тарихын түсіндіруге тырысты, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Нұртөре Жүсіп журналистерге берген сұхбатында мемлекеттік әнұранның Мұқан Төлебаев жазып шыққан нұсқасы өзіне көбірек ұнайтынын жеткізген.

"Мемлекеттік әнұранның Мұқан Төлебаев жазған классикалық нұсқасы жеке өзіме қатты ұнайды. Менің Қазақстаным тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты кезінде Жұмекен Нәжімеденов пен Шәмші Қалдаяқовтің бірлескен "тың игерушілер маршы" ретінде жазылған туындысы. Ал Мұқан Төлебаев - біздің ең кәсіби композиторымыз", - деген еді ол.

Алайда Қалдыбек Құрманәліге Нұртөре Жүсіптің бұл пікірі ұнамай қалған көрінеді. Ол желіде депутатқа арнайы хат жолдап, "Менің Қазақстаным" әнінің шығу тарихын түсіндіріп беруге тырысқан.

"Құрметті Нұртөре Байтілесұлы! Сіздің әнұранға қатысты пікіріңізді әлеуметтік желіден оқып қалдым. Мұқан Төлебаев музыкасын жазған әнұранды ұнататыңызды естідім. Бұл сіздің жеке пікіріңіз деп ұқтым. Ал Шәмші Қалдаяқовтың "Менің Қазақстаным" әнін "тың игерушілерге арналған марш" деп айтыпсыз. Қандай дерекке сүйеніп айтқаныңызды түсінбей отырмын. Сіздің қолыңызда осы әннің жазылу тарихы жайлы нақты айғақ бар ма?

Мен сізге осы әннің қандай жағдайда, қалай жазылғаны жайлы Шәмші Қалдаяқовтың өз аузымен айтқан видеосын жолдап отырмын. Шәмші ағамыз, осы әнін 1956 жылы 25 қазан күні жазыпты.

Шәмші ағамыз осы әнді жазған уақыттан соң 5 жылдан кейін сіз, 10 жылдан кейін мен туған екем, қызық, иә?! Сізден осы жазбама дәлелді жауап күтемін", - деп жазды композитор Instagram парақшасында.

Қалдыбек Құрманәлі өз сөзіне дәлел ретінде Шәмші Қалдаяқовтың "Менің Қазақстаным" әні қалай шыққаны туралы баяндап тұрған видеосын да жүктеп қойды. Бейнежазбада Шәмші Қалдаяқов әннің шығу тарихына кеңінен тоқталып өткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1973139-qandai-derekke-suienip-aitqanynyzdy-tusinbedim-qaldybek-qurmanali-el-anuranyna-qatysty-pikir-aitqan-deputatqa-zauap-berdi/

pixel