Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкентте 5 шілде күні Ninety one тобының концерті өтпей қалды

Опубликовано:

"Ninety One" тобы мен Ерболат Беделхан
Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Ninety one тобының концерті шілденің бесіне жоспарланған еді. Алайда концерт кейінге шегерілгені белгілі болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бір күн бұрын түн жарымда топ әлеуметтік желілердегі парақшасында Шымкент қаласы әкімдігінің шараны өткізуге рұқсат бермеуі себебінен концерттің өтпейтінін жазды.

Бұл жайтқа наразы болғандар Шымкент қаласы әкімдігінің және қала әкімі Мұрат Әйтеновтің желі парақшасына жарыса жазба қалдырған. Ninety one тобының өнеріне тәнті жастар #нетотменыконцерта91 хэштегімен жариялаған жазбаларында концерттің өткізілуін талап еткен.

Бірі арнайы осы концерт үшін басқа қаладан Шымкентке келгенін айтса, енді бірі дәл осы концертке билет алу үшін жұмыс істеп ақша тапқанын алға тартып, ренішін білдірген. Қала әкімдігін кінәлап, билет ақшасын қайтаруды талап еткендер де аз болған жоқ.

Ninety one тыңдармандарының бірі шымкенттік студент Ақжігіт Аяжан концертке стипендиясынан 3 билет сатып алғанын айтады.

"Ninety one тобы - тек қазақ тілінде ән айтатын патриот топ. Соңынан жастарды, өнерді бағалай білетін көпті ерте білген талантты, сауатты топ. Шымкентте концерті өтетінін білгенде қуанып, стипендиямнан өзіме және екі бауырыма бірден 45 мың теңгеге 3 билет сатып алдым. Осы концертке бола алыстан Шымкентке келіп жатқан жастар аз емес екендігін білем. Не үшін, қандай мақсатта концерт кейінге шегерілгенін түсінбедім," - дейді студент.

Шымкент қаласы әкімдігі Ninety one тобының концерті не себепті кейінге қалдырылғанын түсіндірді.

"Шымкент қаласының әкімдігі Ninety one тобының концертіне қатысты келесіні хабарлайды.

Аталған топтың концертін ұйымдастырушы Colisium ЖК мен "Мұз сарайы спорт кешені" ЖК-ның арасында 2022 жылғы 5 шілдеде концерт өткізу бойынша келісімшарт құрылған. Алайда "Оңтүстік жарық транзит" АҚ тарапынан жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілетіндіктен, Мұз сарайы орналасқан аумақта сол кезеңде электр жарығы бойынша шектеулер болатыны хабарланды. Осы себепті жоспарланған концерт кейінге шегерілді," - делінген хабарламада.

Ал Ninety one желі парақшасында өткен тікелей эфирде Шымкент қаласындағы концерттің 7 шілдеде өтетінін жариялады.

Автор: Жанар Есенбекова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1977171-symkentte-5-silde-kuni-ninety-one-tobynyn-koncerti-otpei-qaldy/

pixel