Дана Нұржігіт: Әкем кеткелі бір жақ құбылам қираған күйі өмір сүріппін
Жарияланған күні:
Танымал тележүргізуші әрі сенат депутаты Дана Нұржігіт желіде марқұм әкесін есіне алып, оған деген сағынышын жеткізген. БАҚ өкілі туып-өскен ауылына барып, ерекше әсермен оралған, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Дана Нұржігіт туған мекеніне ат басын бұрып, ұмыт болған естеліктерін жаңғыртып келген.
Тележүргізуші марқұм әкесін есіне алып, оның қазасынан кейін қандай күй кешкенін айтып берді. Ол бұл сапарында әкесіне қойып үлгермеген сұрақтарына жауап алып қайтқанын жеткізді.
"Кеше ғана Лақалыдан оралдым. Құмның арасындағы 60 үйлі оймақтай ғана ауыл менің түйсігімде елес,санамда алыстағы сағым болып қалған. Кейде жарқ етіп көзіме елестейтін оқиғалар шынымен менің өмірімде болғанына өзім де күмәнданатынмын. Өйткені бүгінде оны растап, тарқатып айтатындар айналамда аз. Анам "ол есіңде қалуы мүмкін емес,сен кішкентай едің ғой!" деген сайын көрген түсім шығар деп күмәнім беки түсетін.
Осы жолғы сапар сол жоғалған естеліктерді түгендеп, шағылған айнаның майда сынықтарын жинап ондағы өз келбетім, балалық шағымның, шыққан жерім, түп-тамырымның бейнесін жинап,толықтырып,толтырып бергендей. Әкеден 17-де қалып, оған қойып үлгермеген сұрақтарыма жауап алғандаймын. Жетімдік көріп өсіп, ер жеткенде тегін іздеп жаны аласұратын адамдарды енді түсінген сияқтымын.
Әкем кеткелі қабырғам қақырап,бір жақ құбылам қираған күйі өмір сүріппін. Сол жағынан соққан азынаған желге кеше өзімді жан-жағымнан қаумалап,құшағына алып,қапсыра құшақтаған Лақалы елі қалқан болды. Осы уақытқа дейін түсім шығар дегенім өңімде болған оқиғалар екен. Аппақ құмына дейін қоғалы көлден тартқан иістер, тек осы жақтың жұртына тән сөздер, тіркестер, құнарлы тілі бәрі-бәрі мен, әкем, әжем, аталарым, туған топырағым", - деп жазды ол Instagram парақшасында.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1978029-dana-nurzigit-akem-ketkeli-bir-zaq-qubylam-qiragan-kuii-omir-surippin/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.