"Бастысы, өзіме ұнады": "Ұйқым келмейді" әнімен желіде елді шулатқан әнші сұхбат берді
Жарияланған күні:
Желіні шулатқан "Ұйқым келмейді" әнінің орындаушысы Алина Шакиева өзін жұлдыз қылған туындыға қатысты пікір білдірді. Жас өнерпаз әннің аз уақытта ел арасында кеңінен таралып кетуінің себебін түсіндіруге тырысты. Аталмыш туынды желідегілердің сынына ұшыраса да, орындаушының өзіне ұнаған, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Алина Шакиева "Ұйқым келмейді" әнінің музыкасы мен сөзі өзіне ұнағанын және онда ерсі ештеңе жоқ деп есептейді. Айтуынша, туындының бір күнде-ақ хит болып кететінін мүлдем күтпеген. Десе де, бұл жайтқа қуанып отырғанын да жасырмады.
"Әнімнің хит болғаны мен үшін күтпеген жағдай болды. "Ұйқым келмейді" әнін жақсы тыңдап жатыр. Әрине, мен қуаныштымын. Музыкасында, сөздерінде адамды тартатын нәрсе бар деп ойлаймын. Маған өзіме өлең ұнады. Музыкасы да, сөздері де ұнады.
Мәтінмен музыка бір-біріне келеді деп ойлаймын. Бастысы, маған ұнап тұр. Менің қазақша түсінбейтінімді пайдаланып кетті деп ойламаймын. "Қош бол деп айттың, тағы бірдеңе дедің" деген жерін TikTok-та бәрі қайталап жатыр. Мен бұлай таралып кетеді деп күткен жоқпын", - деп ағынан жарылды әнші "1001 түн" бағдарламасында.
Айта кетейік, бір күн бұрын желіде "Ұйқым келмейді" әні таралып, елдің қызу талқысына түскен еді. Желіні шулатқан туынды екі күнде 300 мыңнан аса қаралым жинап, трендті видеолардың көшін бастаған.
Алайда жас орындаушыны мақтағандардан гөрі бұл ән үшін сынға алып, мазақ еткендер көп болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1978401-bastysy-ozime-unady-uiqym-kelmeidi-animen-zelide-eldi-sulatqan-ansi-suxbat-berdi/