Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жігіттің сұлтаны": Жанар Айжанова тұрмысқа шыққан кезін көрсетіп, марқұм күйеуі жайлы айтып берді

Опубликовано:

Жанар Айжанова
Фото: Instagram/zhanar_aizhanova

Қазақстандық танымал әнші әрі актриса Жанар Айжанова желіде тұрмысқа шыққан кезінен мұрағаттық видеоны бөлісіп, қалың көпшілікке өз жан сырын ақтарды. Өнер иесі марқұм күйеуін есіне алып, оның өмірде қандай адам болғанын айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Жанар Айжанова қызының әкесі туралы Instagram парақшасында сыр шертті. Эстрада жұлдызы күйеуі тойдан кейін жол апатынан қайтыс болғанын айтты. Сөзінше, ол сол кезде өмірінің ауыр кезеңін басынан өткерген.

Бұл осыдан 27 жыл бұрын менің қожалардың әулетіне келін болып түскен оқиғам. Марқұм Адайбек тойдан кейін көп ұзамай жол апатынан қайтыс болып кетті. Екеуміз де 27 жаста болатынбыз. Менің тағдырым со кезден басталды. Көзімді жұмып қанша рет дария кештім десейші. Аяғым ауыр, елде тоқырау, әркім өз басымен қайғы болып кеткен кез. Сүйенерім де, сенгенім де бір Алла. Жыртық үйдің құдайы бар демекші, тырмысып жүріп, қанаттыға қақтырмай қызымды да өсірдім", - деп жазды әртіс.

Өнер иесі күйеуін қолы ашық, бір сөзді нағыз ер азамат ретінде сипаттады. Биыл әнші қызымен бірге туған жерге барып, марқұмға құран бағыштап қайтқан.

"Айжұлдыздың өз әкесі кім деп әлі күнге дейін сұрайды елдер. Әкесі жігіттің сұлтаны, бір сөзді, мысы басым, қолы ашық, сымбатты нағыз ер жүрек батыр дер едім. Алланың жазғаны сол болды, ерте кетті. Осыдан екі жыл бұрын елге қызым екеуміз арнайы барып, Айжұлдызды әжесіне, бауырларына апарып, ас беріп, басына құран оқып келеміз деп отырғанда карантинге тап болдық. Соның реті биыл келді. Айжұлдыз әкесінің басына барып, өзі құранын оқып, әжесіне сәлем беріп, бауырларымен қыдырып, үлкен іс бітіріп келдік. Әжесі де жасы 87-ге келсе де, май айында Сылдырмақтың тұсау кесер тойына арнайы келіп, батасын беріп кетті. Алшақтап бара жатқан арамызды апам өзі келіп, қайта жалғап кетті. 

Бүгін мына видеоны интернеттен тауып алдым деп Қарағандыдан бір танысым жіберіпті. Содан өткен 27 жылға ойша саяхат жасап, көз алдыма кино сияқты небір дүниелер келіп, біраз толқыдым. Ақыры интернетте жүр екен, менің де лентамда тұрсын деп қойдым. Дей келе жас отау құрып жатқан жастарымыз топырақтан тысқары болып, бір жастықта қартайсын деп тілеймін", - деп жазды Айжанова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1981133-zigittin-sultany-zanar-aizanova-turmysqa-syqqan-kezin-korsetip-marqum-kuieui-zaily-aityp-berdi/

pixel