Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тойларда хит болған "Қызыл раушан" туындысының орындаушысы әннің шығу тарихын айтты

Опубликовано:

Ұланғасыр Қами "Қызыл раушан" әнінің қалай жарыққа шыққанын айтты
Ұланғасыр Қами "Қызыл раушан" әнінің қалай жарыққа шыққанын айтты: Youtube/Таңғы Studio

"Қызыл раушан" әнінің орындаушысы Ұланғасыр Қами алғаш рет сұхбат беріп, Алматы телеарнасының "Таңғы studio" бағдарламасына әннің шығу тарихын айтып берді. Әнші осы туындыдан кейін өнер иесіне тойда ән айтуға ұсыныстар көп түсе бастағанын жасырмады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Белгілі болғандай Ұланғасыр Қами белгілі ақын Дидар Қамиевтің туған інісі болып шықты.

"Біз негізі төрт ағайындымыз. Төртеумізде де ақындық өнер бар. Бірақ Дидар ағам екеуміз көптің алдында жүрміз. Үлкен ағам темір жол саласында, менен үлкені Айдар актерлік мамандықты бітірсе де, ауылда, қара шаңырақта отыр", - деді әнші.

Сонымен бірге ол көптің көңілінен шыққан "Қызыл раушан" әнінің шығу тарихына да тоқталып өтті.

"Негізі 6 ай бұрын продюсерім осы әнді Амангелді Көшербаев деген ақтөбелік композитордан алған болатын. Басында бұл ән маған ұнамаған. Өзімнің де ақындығым бар, бірақ дәл осы әнге келгенде ешбір ой келмеді. Ағама да көрсеттім, оның да қолы тимеді. Сосын ағам жазса Мирас Асан деген ақын бар, сол жазады деді. Тіпті оның "Соңғы раушан" деген кітабы да бар деді. Сөйтіп сол ақын маған бар-жоғы бір сағаттың ішінде сөзін жазып берді. Солай шыққан туынды", - деп түсіндірді өнер иесі.

Ұланғасыр Қами осы әннен кейін тойға да ұсыныстар көп түсе бастағанын жасырмады.

"Осы әннен кейін қоңыраулар көп түсе бастады. Бірақ өзімізге әлі де "хит" ән екені білінбейді. Осы әнді шығарайын деп жүргенде Шатунов өмірден өтті. Сол кезде әні ностальгияға келеді екен деп, оны әнге қосу идеясы туды. Шатуновта "Белые розы" болса, мен "Қызыл раушан" болып көрсінші деп шештім", - деді әнші.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1987592-toilarda-xit-bolgan-qyzyl-rausan-tuyndysynyn-oryndausysy-annin-sygu-tarixyn-aitty/

pixel