Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

68 елден келген жанкүйерлер және ауқымды шоу: Димаштың Алматыдағы алғашқы концерті қалай өтті

Жарияланған күні:

Димаш Құдайберген жеке концертінде
Димаш Құдайберген жеке концертінде. Фото: NUR.KZ / Владимир Третьяков

Әлемге әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Алматы қаласында алғашқы рет жеке концерт берді. "Stranger" атты ғаламат шоу 23 қыркүйек күні Орталық стадионда өтті. Өз кумирін көру үшін концертке әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлер келді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Орталық стадионға халық концерттен екі сағат бұрын жинала бастады.

Димаштың концертіне келген жанкүйер
Димаштың концертіне келген жанкүйерлер Фото: NUR.KZ / Владимир Третьяков

Олардың барлығы сүйікті әншісінің әуезді әнін тыңдауға асықты.

Димаштың концертіне келген жанкүйер
Димаштың концертіне келген жанкүйер. Фото: NUR.KZ / Владимир Третьяков

Алматыға Димаш Құдайбергеннің концертін көру үшін әлемінің 68 елінен жанкүйерлер жиналды. Оның ішінде Испаниядан 42 адам келді. Жанкүйерлік топ Көктөбеге барып, қазақтың ұлттық асханасынан дәм татып үлгеріпті.

"Алматыда жүргенімізге екі күн болды. Арнайы Димаштың концертіне келдік. Өте бақыттымыз, Оның бірде-бір концертін жібермейміз. Дубайда, Прагада, Нью-Йоркта болдық. Димашты қатты жақсы көреміз, ол өте керемет. Дауысы мен мінезін жақсы көреміз", - деді Испаниядан келген жанкүйер Кристина.

Димаштың Испаниядан келген жанкүйерлері
Димаштың Испаниядан келген жанкүйерлері. Фото: NUR.KZ / Владимир Третьяков

Ал словакиялық Ленаның сөзінше, Димаш оны тек өнерімен емес, дәстүрге деген құрметімен, отанына деген махаббатымен баурап алған. Димаш Құдайбергеннің арқасында Словакия тұрғыны қазақ халқының мәдениетімен танысқан. Ал бүгінде ол сүйікті әншісінің өлкесін көруге мүмкіндік алып отыр.

"Димашты жақсы көретініме бірнеше жыл болды. Мұнда жүргеніме төрт күн болды, Көктөбені, Көк базарды, Көлсай көлі мен Шарын каньонын көрдім. Тобымызда 12 адам бар. Олар - Словакия мен Чехиядан келген жанкүйерлер. Ертең Димашпен өтетін фан-кездесуге міндетті түрде барамыз, дүйсенбі күні елімізге қайтамыз", - деді жанкүйер.

Димаштың Словакиядан келген жанкүйерлері
Димаштың Словакиядан келген жанкүйерлері. Фото: NUR.KZ / Владимир Третьяков

Димаш Құдайбергеннің өзі көрерменге заманауи әрі ауқымды шоу көрсетіп, жанкүйерлер сенімін толық ақтады. Жалпы концертті ұйымдастыруға 200-ден аса маман, 400 ерікті жұмылдырылды.

Димаштың концертіне келген жанкүйерлер
Димаштың концертіне келген жанкүйерлер. Фото: Димаштың концертіне келген жанкүйерлер

Концерт төрт сағатқа дейін жалғасты. Димаш қазақ, орыс, қытай, француз және ағылшын тілдерінде ән шырқады. Отандық әнші домбыра, барабан мен басқа да музыкалық аспаптарда ойнады.

Димаш өз концертінде домбырада ойнауда
Димаш өз концертінде домбырада ойнауда. Фото: NUR.KZ / Владимир Третьяков

Концерт барысында көрерменнің сүйіктісіне айналған "Любовь уставших лебедей", "Дайдидау", "Stranger", "Fly Away" атты туындылар шырқалды. Көпшілік бұл әндерді әртіспен бірге орындады.

Димаш Құдайберген жеке концертінде
Димаш Құдайберген жеке концертінде. Фото: NUR.KZ / Владимир Третьяков

"Stranger" шоуы аясында Димаш жаңа туындыларын да ұсынды. Атап айтсақ, ол інісі Әбілмансұр Құдайберген жазған туындыны алғаш рет орындады. Әйгілі француз музыканты FKJ шығармашылығымен рухтанған ән көрермен назарын бірден аударды. Одан бөлек, Әбілмансұрдың өзі маэстро Ренат Гайсин жазған авторлық аспаптық композицияны орындады.

Димаш Құдайберген інісі Әбілмансұрмен
Димаш Құдайберген інісі Әбілмансұрмен. Фото: NUR.KZ / Владимир Третьяков

Концертте Димаштың Мексикадағы Қазақстан елшілігімен бірлесе жазылған испан тіліндегі туынды таныстырылды. Отандық әншіні бэнд тобы сүйемелдеп отырды.

Димаш Құдайберген өз концертінде
Димаш Құдайберген өз концертінде. Фото: NUR.KZ / Владимир Третьяков

Концертке үлкен халықаралық бишілер командасы, сондай-ақ "Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі" және "Салтанат" мемлекеттік би ансамблі қатысты.

Димаш Құдайберген өз концертінде
Димаш Құдайберген өз концертінде. Фото: NUR.KZ / Владимир Третьяков

Димаш Құдайбергеннің жеке концертіне жиналғандар қатарында тек жастар емес, ересектер де көп. Мәселен, зейнеткер Бағила Әмрешова әртістің концерті Алматыда өтетінін естіп, билетті ертерек сатып алған.

"Біздің сүйікті Димаш Қазақстанды әлемге танытып жүр. Мен оның адамилығына таңданамын. Үлкендерге құрметі тіпті ерекше. Оның әндері ұнайды, әр тілде тыңдаудан жалықпаймын",- дейді ол.

Димаш Құдайберген өз концертінде
Димаш Құдайберген өз концертінде. Фото: NUR.KZ / Владимир Третьяков

Димашты қолдауға отандық шоу-бизнес өкілдері де келді.

"Бүгін Димаштың концертіне оның достары, өнер адамдары келді. Біз оны қолдап, рахаттанып концерт көру үшін келдік. Димаштың ата-анасымен доспыз. Осынша адам жиналғанына қуанамыз", - деді Мирас Бекжанов.

Димаш Құдайберген өз концертінде
Димаш Құдайберген өз концертінде. Фото: NUR.KZ / Владимир Третьяков

Концерте Димаш Құдайбергеннің "Бір аспан тарихы" авторлық композициясының тұсаукесері өтті. Жиналған халық әртіспен бірге ән айтып, стадионда 10 мыңдай түрлі-түсті шам жағып, сүйікті әншісіне өз ілтипатын білдірді. Димаштың өзі келген халыққа, өзіне әрдайым қолдау көрсететін ата-анасына алғыс айтуды ұмытқан жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1989418-68-elden-kelgen-zankuierler-zane-auqymdy-sou-dimastyn-almatydagy-algasqy-koncerti-qalai-otti-foto/