"Өмір үшін күресіп жатыр": Әсел Асқардың сирек кездесетін дертке шалдыққан ұлы жансақтау бөлімінде жатыр (видео)

Опубликовано:

Әсел Асқар
Әсел Асқар. Фото: instagram.com/assel.askar

Актриса Әсел Асқар ұлының ауыр дертке шалдығып, жансақтау бөліміне түскенін айтып көзіне жас алды. Ол оқырмандарынан ұлы үшін дұға етуді сұрады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Актриса ұлының жағдайы туралы Instagram парақшасында жазды.

"Ең жаманы балаң шарасыз жатқанда көмек көрсете алмау. Екі апта бұрын жансақтау бөліміне түстік. Мен мүлде білмеген туа біткен жүрек жеткіліксіздігі диагнозымен келдік.. Әдетте мұндай диагноз ультрадыбыстық зерттеуде жүктіліктің 18 немесе 38 аптасында анықталады.

Өкінішке орай, менің жағдайымда оны анықтай алмады. Сол кезде анықталса, баламды қазіргі жағдайға түсірмеуге болатын еді. Баламның ағзасы 6-7 айға дейін өзі күрескен. Содан соң шаршаған", - деп жазды актриса.

Актриса бұл өте сирек кездесетін туа біткен патология екенін атап өтті.

"Өкінішке орай, мұндай потологиясы бар балалардың сырт келбетінде өзгелерден еш айырмашылық болмайды. Балалардың көңіл күйінде өзгеріс болмайды. Мен баламды бірнәрсе мазалайды деп ойламадым. Тіпті дәрігерлердің өзі баламның сырт келбеті мен анализ нәтижелерін ультрадыбыстық зерттеумен салыстырғанда таңғалды. Бұл дертті медициналық білімсіз анықтау мүмкін емес.

Қазір менің балам ауыр халде. Мен ана ретінде баламның қиналғанын басқа ешкімге тілемеймін. Дәрігерлер қабылдаудың алғашқы күнінен-ақ баламның оңалып кететініне сенбеді. Бірақ ол керісінше, өмір үшін күресіп жатыр. 14 күннен бері өз өмірі үшін табанды түрде күресуде. Ол - өте күшті. Оның өмір сүргісі келеді", - дейді Әсел Асқар.

Өнер иесінің айтуынша, оны ауруханада көргендердің бәрі хабарласып, хат жазып, жағдайын сұраған.

"Осы себепті де мен сіздермен бөлісуді жөн көрдім. Мен бірнеше күннен бері ұлымның жанында, реанимациядамын. Ол мені сезіп, маған реакция береді.Өмірімнің әр кезеңінде менімен бірге болған жандардан ұлым үшін дұға етулеріңізді сұраймын. Оған бәріміз күш-қуат пен сауығып кетуді тілесек, ол сауығып кетеді деп сенемін. Балам үшін Алла Тағалаға дұға етіңізші", - деді Әсел Асқар

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1990906-omir-usin-kuresude-asel-asqardyn-sirek-kezdesetin-dertke-saldyqqan-uly-zansaqtau-boliminde-zatyr-video/