"Аққа құдай жақ": Air Astana-мен соттасып, айыппұл арқалаған Айгүл Елшібаева президенттен көмек сұрады
Жарияланған күні:
Air Astana әуе компаниясымен соттасып жатқан дәстүрлі әнші Айгүл Елшібаева айыппұл арқалағанын жеткізді. Айтуынша, сот оны кінәлі деп танып, 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеген. Алайда термеші соттың бұл шешімімен келіспей, Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап, желіге жазба жариялады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Өнер иесі бұл оқиға жайлы Instagram парақшасында бөлісті.
Айгүл Елшібаева өзіне жала жабылғанын, сондықтан өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын жеткізді.
"Құрметті, президентіміз Қасым-жомарт Кемелұлы! Әлділердің әлсізге көрсеткен зәбірі, намысты азаматқа әсер етуі заңдылық. "Эйр Астананың" бортсерігі, қазақша білмей, "қақылдап қоймады" деген сөзіме іліністі. Сөз түсінбегесін, мені елдің көзінше "ішіп алған жолаушы" деді. Полицияның төрт қызметкері аэропорттан қарсы алып, елдің көзінше абыройыма сын келтірді.
Менің анықтамам (ішімдік ішпегені туралы - ред. ) болғасын, істе "мені боқтады, бортсеріктің айтқанын істемеді" деп айып тақты. Маған куә жолаушылардың сөздері сотта тіркелді. Бірақ бір ғана "Эйр Астана" қызметкерінің куә болуына байланысты әкімшілік сотта мені айыпты қылып, 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеу туралы сот шешімі шықты.
Сотта "Эйр Астананың" қызметкері куә болу арқылы шешімін шығаруға (әрине бір мекемеде жұмыс істейтін, өз компаниясының абыройы үшін, айтпаған сөзді айтқызып, компанияның мүддесі үшін өтірік жала жауып) куәсі қасынан табылады", - деп жазды Айгүл Елшібаева.
Термешінің айтуынша, айыппұлдың мөлшері емес, сот шешімі жанына батқан.
"Мен, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, шет мемлекеттерде жасымнан әлемнің танымал сахналарында өнер көрсетіп, халықтың ортасында жыраулық сөз өнерін насихаттап жүрген мәдениет адамымын. Қасымда отырған борттағы халықты сыйламай, сынған, жұмыс істемейтін кресло үшін боқтайтын, өз сөзіне жауап бере алмайтын білімсіз адам емеспін!
Мәселе, 5АЕК немесе 15 000 теңге төлеуде емес. Мәселе - "Эйр Астананың" бортсерігі қазақша, орысша, ағылшынша білуге міндетті бола тұра, қазақша сөзді түсінбей, "маған боқтады" деп айыпты қылғанында", - деп жазды ол.
Өнер иесі аталған жайтқа президенттің араласуын сұрайды.
"Құрметті президент Қасым-Жомарт Кемелұлы! Өз елімнің патриоты ретінде өз құқығымды өз мемлекетімде таптатқым келмейді. Сізден әдебиет зиялысының ұрпағы ретінде, жыраулық сөз өнерінің қадір қасиетін түсінетін мәдениет жанашыры ретінде соттың әділеттілігін сұраймын! Жаңа әділетті Қазақстан құру - әділдікті қорғау деп білемін", - деп жазбасын аяқтады Айгүл Елшібаева.
Бұл ретте "Эйр Астана" әуе компаниясының баспасөз қызметі өнер иесінің жазбасына пікір білдірді.
"2022 жылы 12 наурыз сағат 11:50 шамасында Айгүл Иманқұлқызы Елшібаева Нұр-Сұлтан - Алматы бағытына КС952 рейсімен ұшу кезінде, қоғамдық орында бола тұра, әуекомпания қызметкерлерінің талаптарына бағынбай, айналасындағыларға сыйластық танытпай, тыныштықты бұзған. Ұшақ бортында барлық жолаушылар бірдей және әр жолаушы қауіпсіздік ережелерін сақтауы тиіс.
Бұл оқиға бойынша 2022 жылғы 1 тамызда сот болды. Сот барысында жәбірленуші және куәгер ұшақ бортында жолаушының тыныштық бұзғанын растады. Сот іс-құжаттарын зерделеп, сот отырысындағы қатысушыларды тыңдап, Айгүл Елшібаеваны кінәлі деп таныды.
Біз жолаушыларды ұшақ бортында ережелерді сақтап, басқа жолаушыларға кедергі жасамауын сұраймыз. Жолаушылардың қауіпсіздігі - біздің негізгі приоритет", - деді Air Astana баспасөз қызметінің өкілдері.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1992288-aqqa-qudai-zaq-air-astana-men-sottasyp-aiyppul-arqalagan-aigul-elsibaeva-prezidentten-komek-surady/