Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Марат Омаров: Қазақстан мен Америка арасына алтын көпір салғым келеді

Опубликовано:

Марат Омаров
Марат Омаров. Фото: Композитордың жеке мұрағатынан

Қазақстандық танымал композитор Марат Омаров қазіргі қазақ өнеріне қатысты пікір білдіріп, өз шығармашылығының жаңалықтарымен бөлісті. Бүгінде Америка Құрама Штаттарында тұрып жатқан өнер иесі жергілікті халықтың қазақи әндерді сүйіп тыңдайтынын алға тартты. Әртіс алдағы уақытта Америка мен Қазақстан қарым-қатынасын дамытуға үлесін қосып, екі ел арасына алтын көпір салуды мақсат етуде. Бұл туралы Омаров KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбаты барысында айтты.

"Бүгінде тек қазақ өнерінде емес, бүкіл әлемде жеңіл әндер көбейіп кетті. Барлық жанрлар, стильдер өзгеріп жатыр. Бірақ дегенмен композиторлардың ырғағы сол түпнұсқасы ретінде қалу керек. Әндер заманауи тұрғыда орындалып жатыр. Әрине, әркімнің өз заманы дегендей ғой.

Бірақ біз кеңес одағының адамдары болғандықтан жүректен шыққан, халықтың жүрегінен шығатын, өзінің тұла бойынан серпін білдіретін әуендер жазғанды жақсы көреміз. Себебі солай тәрбиеленгенбіз. Шәмші Қалдаяқов, Әбілахат Есбаев, Ескендір ағаларымыздың бәраз мұңды да мәнді өмірлік әндерімен өстік. Осы тұрғыда менің бірінші талабым – мелодия болу керек.

Америкада өзіміздің ұлттық ырғаққа, қазақтың әндеріне әуес болып, тыңдағысы келіп жатқан тыңдармандар көбеюде. Қазіргі таңда мен өз әндерімді ағылшынша аударып жатырмын. Үлкен сұраныс болып жатыр. Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте демекші. Өзіміздің қазақи әуенімізді солардың тілінде жеткізу бұл да бір үлкен жетістік деп ойлаймын", - деді ол.

Қазақстанда көптеген шәкірт тәрбиелеп шығарған Марат Омаров бұл үрдісін Америка Құрама Штаттарында да жалғастырмақшы.

"Өзімнің шығармашылығыма келетін болсақ, көптеген ән шығарып жатырмын. Жақында Чикагодағы достарыма арнап ән шығардым. Америка мен Қазақстанның достық көпіріне арнап әндер шығарудамын. Жалпы менің мақсатым – Америка мен Қазақстан арасында алтын көпір салу.

Жастарды Америкаға алып келіп, мәдени орталық ашып дегендей. Екі елдің достық, бірлік, ынтымағын дәріптеуіміз керек. Осы миссияны бұрыннан қылғанмын. Қазақстанда қаншама кішкентай шәкірттер тәрбиелеп, олардың бәрі кейін атақты болып сахнадан өз орнын тапты. Олардың жұлдыздары жанғаны мен үшін үлкен бақыт.

Енді Америкада да шәкірттер тәрбиелеп шығарсам деген мақсатым бар. Бұл өнер. Мұхит асып, осы жақта болса да қазақи ұлттық колоритті сақтап, жеткізу біздің парызымыз деп санаймын", - деді композитор.

Сонымен қатар Марат Омаров АҚШ-тағы боксшы отандастарының жекпе-жектеріне барып, оларға барынша қолдау көрсетіп жүргенін айтты. Өнер иесі тіпті олардың құрметіне "Қазақтар" деген ән жазып шығарған.

Сондай-ақ әнші Тәуелсіздік күніне орай Вашингтон қаласында концерт беріп, арнайы жаңа туындысының тұсауын кеспек. Оған қоса композитор америкалық режиссерлар түсірген "Sunshine" атты фильмге музыка жазып жатқанын жеткізді.

Марат Омаров
Марат Омаров. Фото: Композитордың жеке мұрағатынан

Марат Омаров өміріндегі үлкен өкініші мен бақыты туралы да сыр шертті. Ол бүгінгі күні Америкада білім алып, жаңарып жатқанына аса қуаншыты екенін жеткізді.

"Өмірдегі ең үлкен өкініш пен бақыт жайлы айтатын болсам. Бүкіл әлемде болып жатқан бұл күтпеген жағдай. Ел намысын қорғаған өзге ұлттың азаматы болса да, біздің қазақ қашанда болса да көпұлтты. Алла тағаланың пейілі бізге әркез жарқын. Барлығының басын қосу, достастыру бізге тән.

Өзім қатысқан қайырымдылық концерттерде де мені ерекше бағалап, сыйлап жатты. Бақытым болса осы Америкаға келіп, жақсы өзгерістер орын алып жатқаны деп айта аламын. 60-қа келсек те қайта жаңарып, жаңадан оқу бастап өзгеріп жатқанымыз үлкен жетістік деп ойлаймын. Оқу ешқашан кеш емес. Калифорнияның орталығында оқып жатырмыз. Ағылшын тілінде дәріс алып жатырмыз. Оның үстіне студиялармен жұмыс істеп жатырмыз.

Бұйыртса, осы Америкадан білгенімізді елге апарып, үлкен Қазақстанның дамуына, ірі мемлекетке айналуына себебіміз тисе екен деген ниет бар. Мәнді өмір сүру, із қалдыру. Енді осыны ары қарай жалғастыратын ұрпақ келсе, сол ұрпаққа жол ашу, алтын көпір салу", - деді өнер иесі.

Сұқбат барысында композитор өзінің өмірлік қағидасы жайлы айтып берді.

"Өмірге келгеннен кейін мынандай қағиданы ұстанамын. Шәмші Қалдаяқов маған жеті жасымда бата берген. "Өнерпаз болсаң талантыңды көрсет, сені бүкіл әлем таниды" деп айтқан.

Менің алғашқы концертімде Асқар Тоқпанов ағамызға анам шапан жапқан. Ол табиғатынан қаталдау адам болатын. Бірақ менің концертімде сахнаға шығып, маған бата бергені есімнен кетпейді. "Маратжан, махаббаттан туған баласың. Және осы әндеріңді сүйіп тыңдайтын халқыңның ақ батасымен мен де саған бата берейін. Сен сол тек Қазақстан емес, мұхит асып қазақтың әуенін шырқап, әуелетіп әлемге танымал бол" деген болатын.

Осы ағаларымның берген баталары бүгінде мені рухтандырып отыр. Ортамызда жоқ болса да, олардың сөзі қалған, әні қалған ағаларымыздың жолын жалғастырып, келер ұрпаққа жеткізуді өзіме мақсат етіп отырмын", - деді Омаров

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1992446-marat-omarov-qazaqstan-men-amerika-arasyna-altyn-kopir-salgym-keledi/

pixel