"Бұрқыраған шаң": Жеңіс Ысқақова үйінің жанынан салынып жатқан құрылыс нысанына наразылық білдірді

Опубликовано:

Жеңіс Ысқақова
Жеңіс Ысқақова. Фото: КТК арнасынан кадр

Отандық әнші Жеңіс Ысқақова үйінің жанына салынып жатқан құрылыс нысанына наразылық білдірді, деп хабарлайды КТК арнасы.

Арна мәліметінше, Жеңіс Ысқақова осыдан 15 жыл бұрын Шұғыла шағынауданынан жер алып, үйін тұрғызған. Таза ауа мен сұлу табиғатына бола осы ауданға келген әнші соңғы бір жылда тыныштықтан айырылған. Өйткені былтыр дәл үйінің артынан 12 қабатты үйдің құрылысы басталған.

"Керемет жерге жағдаймыз, денсаулығымыз жақсы болды-ау" деп келдік. Әп-әдемі 15 жыл өмір сүріп жатқан біздің тыныштығымызды бұзған "Sensata" құрылыс компаниясының биік үйлері.

Жеке сектор мен мынандай биік үйлердің ара қашықтығы қалай болу керек? Мен соған жауап таппай жүрмін.  Жарық жиі сөнеді. Су тамшылап тұр, жолы жоқ. Кешке дейін бұрқыраған шаң", - деді әнші Жеңіс Ысқақова.

КТК мәліметіне сүйенсек, дәл үйлерінің жанынан тұрғын үй кешенінің салынуына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Ысқақовамен қоса, бүтін бір көше үзілді-кесілді қарсы болып отыр. Өйткені жаңа құрылыс басталғалы әрқайсысының мазалары қашқан.

Алайда компания өкілінің айтуынша, олар заңға қайшы келмеген.

"Біздің "Sensata city" тұрғын үй кешенінің  құжаттары заңды, бас жоспармен салынып жатыр. Үйлер арасы нормаға сәйкес. Ең жақын үй 50-55 метр қашықта тұр. Ол ешқандай қарама-қайшы заңға келмейді", - деді құрылыс компаниясының өкілі Әділ Бекбанов.

Ал Алматы қаласы Әуезов және Наурызбай ауданы қала құрылысын бақылау бөлімінің басшысы Медет Рабаев құрылыс жұмысының жобасы мемлекеттік сараптамадан өткізілгенін мәлім етті.

"Қазір құрылыс жұмысы барлық құжаттарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Жобасы мемлекеттік сараптамадан өткізілген. Жүргізіліп жатқан құрылысқа сәулет жоспарлау тапсырмасы эксиз жобасы келісуімен жобаның барлық мемлекеттік сараптамадан өтуіне байланысты жүргізіліп жатыр", - деді Алматы қаласы Әуезов және Наурызбай ауданы қала құрылысын бақылау бөлімінің басшысы Медет Рабаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1992849-burqyragan-san-zenis-ysqaqova-uiinin-zanynan-salynyp-zatqan-qurylys-nysanyna-narazylyq-bildirdi/