"Мектепте мұғалім едім": Алтынбек Қоразбаев Нұрболат Абдуллинді қалай Қазақконцертке жұмысқа алғанын айтты (видео)

Опубликовано:

Алтынбек Қоразбаев пен Нұрболат Абдуллин
Алтынбек Қоразбаев пен Нұрболат Абдуллин. Фото: "Жақсы адамдарым" бағдарламасынан

Қазақстандық композитор Алтынбек Қоразбаев отандық әнші Нұрболат Абдуллинмен алғаш қалай жолыққанын айтып берді. Халық әртісі мектепте мұғалім болып жүрген әншіні Қазақконцертке жұмысқа шақырған. Ол бұл туралы "Жақсы адамдарым" бағдарламасында айтып берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Композитор Нұрболат Абдуллиннің өзін несімен баурап алғанын айтты.

"Ең бірінші Нұрболатты 11-12 жыл бұрын Астана қаласындағы Шәмші Қалдаяқовтың халықаралық үлкен конкурсында көрдім. Сол конкурсқа Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия мен Қытайдан адамдар қатысты. Мен сол жерде төраға болдым. Сол концертте бас жүлдені шашасына шаң жуытпай Нұрболат жеңіп алды.

Менің арманым "Шіркін, осы жастар өссе екен" ғой. Содан Нұрболатты шақырып алдым. "Ей, балам, тоқта. Қайдан келдің?" деймін. Ол "Сарықамыстан келдім" дейді. Мен "Үш күннен кейін Алматыда болам. Сен маған келе ғой. Сені Қазақконцертке аламын" дедім. Ол кезде штат жоқ, жұмысқа орналасу қиын заман ғой. Бірақ мен ештеңеден қорыққан жоқпын. Нұрболатты бірден Роза Рымбаева, Мақпал әпкелері, Музарттың жанына Қазақконцертке алдым.

Әдемі гастрольдер болды. Халықтың ілтипатын, ықыласын байқаймын. Мұның келешек жұлдыз екенін байқадым", - дейді Алтынбек Қоразбаев.

Ал Нұрболат Абдуллиннің айтуынша, Қазақконцертте жұмыс істеу оның тіпті түсіне кірмеген.

"Үш ұйықтасам, түсіме кірмеген ғой. Көкенің сұрақтарына "Ұзынағашта істеймін. Мына Гоголь-Шәріпов қиылысындағы мектепте мұғалім едім. Сол жерде балаларға сабақ беремін" дедім. Ол кісі "Ол жұмыстарды қой. Қазақконцертке кел" деді.

Сол кезде гран при алып жатырмын деген ойдың бәрі кетті. Жұмыс істейтін мектеп Қазақконцертке жақын жерде еді. Күнде жанынан өткенде армандап өтетін едім", - деді Нұрболат Абдуллин.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1993326-mektepte-mugalim-edim-altynbek-qorazbaev-nurbolat-abdullindi-qalai-qazaqkoncertke-zumysqa-alganyn-aitty-video/