Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақ қызы Қытайдағы ең жоғары мемлекеттік марапат - "үздік актриса" атағын иеленді (фото)

Опубликовано:

Риза Әлімжанқызы
Риза Әлімжанқызы. Фото: thepaper.cn

Қытайда белгілі өнер жұлдызы Риза Әлімжанқызы Flying Apsaras сыйлығын алды. Ол бұл сыйлық тағайындалғалы бері "үздік актриса" атағын алған тұңғыш қазақ актрисасы, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қытайдың The Paper ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Басылымның жазуынша, биыл 33-ші рет үлестіріліп отырған Flying Apsaras сыйлығы Қытайдың телеөнер саласындағы ең жоғары мемлекеттік марапаты.

Риза Әлімжанқызы Minning Town телехикаясындағы рөлі үшін "үздік актриса" номинациясында топ жарған.

Сыйлық иегерлерін марапаттау рәсімі 1 қарашада Бейжіңдегі Шоуган аренасында өткен. Марапаттау рәсімінде Риза Әлімжанқызы толқып тұрып:

"Мен бақытты жан екенмін. Қазылар алқасына, еңбегімді бағалаған көрермендерге мың алғыс. Өздеріңізге ана тілімде алғысымды білдіруге рұқсат етіңіздер: РАХМЕТ!", - деп ағынан жарылған.

Айта кетейік, Minning Town телехикаясы былтыр қаңтар айында көрермені ең көп Қытайдағы бес телеарнада қатар көрсетіліп, жұрт өте жоғары бағалаған. Телехикаяға Қытайдың Нинся дүнген автономиялық регионының Сихайгу аймағындағы ауыл тұрғындарының кедейлікпен күресі арқау болған. Телехикаяда Риза қазымыр әкенің қатал үкіміне мойын ұсынбай, тағдырын өз қолына алған қайсар қыз Ли Шуйхуаның бейнесін сомдап, актерлік шеберлігімен көрермендерді тәнті еткен.

Риза Әлімжанқызы Minning Town телехикаясында қайсар қыз Ли Шуйхуаның рөлінде
Риза Әлімжанқызы Minning Town телехикаясында қайсар қыз Ли Шуйхуаның рөлінде. Фото: thepaper.cn

Ашық дереккөздегі мәлімет бойынша, Риза Әлімжанқызы 1986 жылы шілдеде Бейжіңде дүниеге келген. Өнер жолын орта мектепте әуесқой модель болудан бастаған, 2002 жылы Бейжің кинематография институтын бітіріп, актерлікке бет бұрған.

Ризаның танымалдылығы 15 жасынан бастап артқан. Ол әйгілі "Рили" журналының мұқабасының моделі болған. Қытайдың кино саласында Reyizha Alimjan немесе Rayza деген есімімен танымал. Ол қалың көрерменге 2011 жылы "Чжэнь Хуань-ның кешулері" телехикаясы арқылы танылған.

Риза Әлімжанқызы
Риза Әлімжанқызы. Фото: thepaper.cn

Қытайдың Baidu іздеу желісіндегі дереккөздердің мәліметінше, актриса таза қазақ отбасында тәрбиеленген. Ата-анасы Бейжің қаласының тіл орталығында жұмыс істейді.

Соныен қатар, бірнеше фильмде өзіне берілген рөлді сәтті сомдап шыққан актриса 2017 жылы "Қуғындау" филіміндегі рөлі үшін XX Шанхай халықаралық кино фестивалінде "БАҚ-тың назарын жиі аударған актриса" номинациясы бойынша марапатталған.

Ал 2019 жылы "Чаңандағы бір тәулік" атты телефильміндегі рөлі үшін Қытайдың Huading байқауында ең "үздік актриса" атанған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1995419-qytaidagy-qazaq-aktrisa-en-uzdik-akter-atandy-foto/

pixel