Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бейсековпен бірге блогер Zheka-ға клип түсірген тараздық оқушылар туралы фильм көрермендерге жол тартты

Опубликовано:

Қуаныш Бейсековтің
Фото: Алма Аллина

Алматыда белгілі қазақстандық режиссер Қуаныш Бейсековтің Jusan Bank қолдауымен "Кел, балалар, оқылық" жобасы аясында түсірілген деректі фильмінің тұсауы кесілді. Біресе көзге жас үйіріп, біресе жүзге күлкі сыйлайтын фильм жабық көрсетілімге жиналған көрермендерге ерекше әсер сыйлады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Жоба продюсері Алмас Жалидің айтуынша, бұл бастама халық үшін, балалар үшін қолға алынған және пайда табуды емес, бірінші кезекте шалғай ауылдардағы қазақ балаларының шығармашылығын дамытуды көздейді.

Деректі фильм Тараздағы жиырма оқушының актерлік шеберлік пен көлеңкелі театр өнері бойынша білім алған сәттерін көрсетеді. Балалар жоба барысында Zheka Fatbelly атымен танымал блогер Жеңіс Омаровқа бейнебаян түсіруге атсалысып, көлеңкелі театр арқылы қазақ аңыздарын көптің назарына ұсынды.

зал
Фото: Алма Аллина

Фильмде сан түрлі арманын арқалап, жобаға келген оқушылар басты кейіпкерге айналған. Олардың бірі актриса, бірі акробат, бірі, биші болуды мақсат етсе, енді бірі әртіс ретінде жақсы қаражат тауып, үйсіздерге пана болар орталық ашуды армандайды.

Оқушылар бұл жоба арқылы шынайы дос тапқанын, өзіне деген сенімі арта түскенін айтып, ағынан жарылды.

Zheka
Фото: Алма Аллина

"Кастинг болатын сәтті күтіп жүрдім. Кішкентай кезімнен актер болуды армандайтынмын. Осы жобаның арқасында жүз пайыз актер болғым келетінін түсіндім. Алайда бір-ақ апта мен үшін аз болды деп ойлаймын", - дейді оқушылардың бірі Бақытжан Бақдәулет.

Айта кетерлігі, жиырма оқушыны арманына біртабан жақын еткен жобаны Jusan Bank қаржыландырған.

"Бұл – Қуаныш Бейсековпен бірге іске асырылып жатқан екінші жобамыз. Алғашқы жоба жазда Алматы облысының Жалаңаш ауылында жүзеге асырылды. Екінші жобаны қолға алу ол кезде ойымызда болмаған. Алайда алғашқы жобаның қоғамға тигізген пайдасын, оқушылардың ерекше қызығушылығы оянып, шығармашылыққа, өмір жолын таңдауға құлшынысы артқанын көргенде, бұл бізді одан әрі шабыттандыра түсті. Жоба жылына кемінде екі рет өтіп отырады деген үміттемін. Бірінші жұмысымыз Jusan Bank-тегі бағдарламалаушыларды да қызықтыра түсіп, олар "Кел, балалар, оқылық IT" деп аталатын ұқсас жобаны жүзеге асырды. Ауылға барып, екі күн бойы бағдарламалаушы мамандығының қыр-сырын оқушыларға үйретті. Біздің басты мақсат - кішкентай қазақстандықтардың шығармашылық мамандықтарға қызығушылығын оятып, өзін жаңа бағытта байқап көрулеріне ынталандыру", - дейді Jusan Bank маркетинг департаментінің директоры Дана Дүйсекова.

фильм тобы
Фото: Алма Аллина

Фильм режиссерінің айтуынша, көптің көңілінен шыққан жоба алдағы уақытта өзге қалалар мен ауылдарда жалғасын табады.

"Жоба аясында жазда бірінші шығарылымын жасадық. Жалаңаш ауылындағы балаларға режиссерлік курстар өткіздік. Балалар курс барысында танымал әнші Еңлікке бейнебаян түсірген. Сол жобамызды жалғастырып, бүгін біз Жекамен бірге күзгі "Кел, балалар, оқылық" шығарылымын жасадық. Онда біз биге икемі бар балаларды Тараздан іріктеп алып, олармен бірге көлеңкелі театр жасадық. Жобадағы балалар жайлы деректі фильм түсірдік. Бұл фильм жас балалар туралы болғанымен, ересектерге де арналған деп ойлаймын, себебі біз өсе келе балалық шақтағы арманымызды өрбітеміз. Балалар кедергіге жолықса, осы деректі фильмді көріп, күш жинайды деген үміттеміз. Таразбен тоқтамаймыз, әлі де басқа қалалар мен ауылдарға барамыз ", - дейді Бейсеков.

Фильмнің алғашқы көрсетіліміне режиссердің анасы Астанадан арнайы ат терлетіп келген екен.

"Керемет жоба. Ауылда көп балаларды елемей жатады. Ауылдың, кішкентай қаланың өзінде өте талантты балалар көп екен. Ұлым соны көрсеткісі келді ", - дейді режиссердің анасы.

Көрсетілім соңында блогер Жеңіс Омаров та мұндай жобамен өмір бойы айналысуға дайын екенін жасырмады.

"Маған Қуаныш хабарласып, бір қызық жоба бар, сені сол жобаға қосып қойдым деген күн - өмірімдегі бақытты күндердің біріне айналды. Туған қалама келіп, түсірілімді бастадық. Мұндай жобамен өмір бойы айналысуға дайынмын. Балалармен жұмыс істеу деген өте керемет дүние. Лагерьде талай рет тәлімгер болғанмын, кезекті отрядпен жұмыс істегендей әсерде болдым. Жобаның басты құндылығы - ол балалардың білімін көтеру, армандарын шындыққа айналдыру", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1995983-beisekovpen-birge-bloger-zheka-ga-klip-tusirgen-tarazdyq-oqusylar-turaly-film-korermenderge-zol-tartty/

pixel