Тоқтар Серіков 15 жыл отасқан жұбайы Бейбітті көрмей қалса, әлі күнге іздеп тұратынын айтты (видео)

Опубликовано:

Тоқтар Серіков пен Бейбіт Сейдуалиева
Тоқтар Серіков пен Бейбіт Сейдуалиева. Фото: instagram.com/toktar_beibit

Қазақ өнер әлемінің жұлдызды жұбы Тоқтар Серіков пен Бейбіт Сейдуалиева "1001 түн" бағдарламасында қонаққа келіп, отбасы құрғаннан кейін бақытты болуы үшін не істеу керектігін айтты. Тоқтар Серіков бағдарлама барысында қазіргі таңда махаббаттан мән кеткенін түсіндірді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Тоқтар Серіков қазіргі жас отбасылардың жиі ажырасуын 21 ғасырдың нәубетіне теңеді.

"Бұл нәубет деп айтуға болады. 21 ғасырдың індеті ғой. Шынын айтқанда, қазіргі уақытта махаббаттан мән кеткен заман.

Баяғыда естеріңізде ме? Біздің ағаларымыз бен жеңгелеріміздің заманында қызы бар үйге хат таситын едік. Ол кісі хатты алғанда, жүзінен қуаныш көретінбіз. Олардың кездесуінің өзі бір керемет еді. Сондай сағынышпен кездескен адам қалай ажырасады?", - деді әнші.

Сонымен қатар әнші әлеуметтік желі арқылы танысып, ажырасып жатқандардың ісіне күйінді.

"Қазір аяқ астынан Instagram арқылы танысады, Instagram арқылы ажырасады. Заманға байланысты дүние болып кетті. Мен ойлаймын, махаббаттан мән кеткен заман.

Кейде көшеде жүрген қыз бен жігітті көрсем, олардың бақытты болатынына күмәнмен қарап тұрамын. Себебі, әлден ашық шашық, әлден жабысып сүйіскен. Далада бәрі айқын көрініп тұрады. Махаббат деген нәзік, үлбір дүние ғой", - деді Тоқтар Серіков.

Әнші 15 жыл отасқан жұбайы Бейбітті 3-4 күн көрмесе, әліге дейін іздеп отыратынын айтты.

"Менің де, Бейбіттің де бойында бар қасиет - бір-бірімізді көрмесек тұра алмаймыз. Бұл кісі шәйімді құйып бермесе, қолынан ыстық тамақ ішпесем қатты іздеймін. Мүмкін қатты бауыр басып қалған шығармыз. Табиғатымда қатынжандылық жоқ. Бірақ бұл кісі шәйімді жақсылап беру керек екенін, басымнан сипау керек екенін біледі", - деді Тоқтар Серіков.

Ал Бейбіт Сейдуалиева қыздарға отбасы құрған сәтте бақытты болуы үшін не істеу керек екенін айтты.

"Енді жастарға бағытты ата мен ана береді. Тәрбиеге байланысты. Ер адамды сыйлау керек. Ол - сенің азаматың. Оның қолынан ұстап, айтқанын істесең жұмаққа ғана барасың", - деді Бейбіт Сейдуалиева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1996371-toqtar-serikov-15-zyl-otasqan-zubaiy-beibitti-kormei-qalsa-ali-kunge-izdep-turatynyn-aitty-video/