Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мен өзім ең үлкен сыйлықпын ғой": Тәуекел Мүсілім екі ұл сыйлаған келіншегіне қандай сый тарту етті

Опубликовано:

Тәуекел Мүсілім
Тәуекел Мүсілім. Фото: instagram.com/mussilim

Отандық актер Тәуекел Мүсілім екінші рет әке атанып, кенже ұлына нағашылары Әмір деген есім берген. Актер екі рет атұстар сыйлаған жұбайына қандай сыйлық тарту еткенін KAZ.NUR.KZ тілшісіне айтып берді.

- Тәуекел, кішкентайдың бауы берік болсын. Қандай сезімдесіз? Екінші рет ұлды болудың жауапкершілігі қандай екен?

- Ерекше сезімдеміз. Бірақ бірінші балалы болғандағыдай уайым, қобалжу жоқ. Азды-көпті тәжірибеміз бар. Екі есе жауапкершілік бар екенін сезінудеміз. Оның үстіне Айтөре бауырын қалай қабылдайтыны қызық болып тұр.

- Қандай есім таңдадыңыздар?

- Нағашы ата-әжесі Әмір деген есімді қойды. Сабыр Әмір Тәуекелұлы.

- Қазіргі таңда блогерлер үшін жүктілік таптырмас контент сияқты. Әріптестеріңіз Gender Party өткізіп, контент жасап, елді шулатып жүреді. Бірақ сіздер мұндай шара жасамадыңыздар. Себебі неде?

- Араласатын таныстар, достар өте көп. Егер gender party жасайтын болсақ, кемінде жүз адам шақыру керек болады. Ешкімнің көңіліне кірбің түсірмес үшін, "өкпе-реніш болмасын" деп жасамауды шештік. Оның үстіне мен УЗИ-ден ұл екенін көріп қойғанмын. Сол себепті де аса қызық болмады.

- Жүктілік кезінде жарыңыз Махаббат неге жерік болды?

- Махаббат аса қатты еркелемейді. Әрине, екеуміз оңаша қалған кезде еркелейтін кездері болады. Қатты жерік болып, түнде бірдеңені іздетті деп айта алмаймын. Өзі де кейде "Мен тіпті кірпияз қыз емеспін. Сенен бірдеңе сұрап, қинаған кезім жоқ" деп әзілдеп қояды. Аллаға шүкір, екі жүктілік те жеңіл өтті.

- Ал толғақ кезінде әйеліңізге массаж жасап, босану кезінде қолдау көрсетіп, жанына бірге “партнер” ретінде кірдіңіз бе?

- Бірінші ұлым дүниеге келетін кезде бірге партнер болу туралы ой болды. Бірақ тура карантиннің уақыты түсті. Перзентханаға ешкімді кіргізбейтін қатаң режим еді. Сондықтан бірге кіре алмадым. Ал екінші жүктілік кезінде тіпті мұндай тақырып қозғалмады.

Өзінің құрбысы Айдана екеуі келіскен екен. Толғақ басталғанда Айдана қасына бірге кіріп, Әмірдің кіндігін кесті. Бәлкім болашақта үшіншісіне бірге кіретін шығармын.

- Жалпы ер адамның босану процесінде партнер болып бірге кіруін қолдайсыз ба?

- Қатты қорқынышты болмаса, қарсы емеспін. Кейбір адамдар кірмеген дұрыс деп айтады. Бірақ балам мен әйелімнің жанында қолдау болу менің азаматтық парызым деп білемін. Ал партнер ретінде босануға кіремін бе, жоқ па болашақтың еншісінде.

- Көптеген психологтар "Балалардың арасы жақын болса, жас ата-аналар қос балаға махаббатын теңдей бере алмайды. Нәтижесінде балалық "травмалар" қалыптасады" деп айтады. Осы тақырыпта ойыңыз қандай? Іштей қорқыныш жоқ па?

- Жоқ, әзірге мұндай уайым жоқ. Бала кезімде "Ағам болса" деп армандайтын едім. Меніңше, екеуі тетелес болған жақсы ғой. Бірге өсіп, бірге сырласып, бір-біріне қамқор болады.

- "Сен маған ұл сыйладың. Енді мен саған не сыйлайын?" деп Махаббаттан сұрадыңыз ба? Жалпы қос ұл сыйлаған жарыңызға сіздің тарапаңыздан қандай сыйлық бар?

- Мен өзім ең үлкен сыйлықпын ғой. Мен де, Махаббат та мақтаншақ емеспіз. Соншалықты бір-бірімізге “пафос сыйлық” жасап, елдің назарына іліккенді ұнатпаймыз.

- Ал әйел адамның көлік жүргізуіне көзқарасыңызды білсек бола ма?

- Көлік жүргізуді үйретіп жүрмін. Толық меңгеріп алған соң, менің көлігімді айдап жүре береді. Көлік айдауына еш қарсылығым жоқ. Ал жеке көлік сыйлау уақыт пен қаржының еншісінде ғой.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1997006-men-ozim-en-ulken-syilyqpyn-goi-tauekel-musilim-eki-ul-syilagan-kelinsegine-qandai-syi-tartu-etti/