"Ақшадан басқа түк ойламайды": Жас әнші қазіргі шоу-бизнес өкілдеріне реніш білдірді (видео)
Жарияланған күні:
Қазіргі таңда хитке айналған біраз әннің орындаушысы Әлімжан Кеңес отандық шоу-бизнеске көңілі толмайтынын жеткізді. Жас әнші өнердегі аға буынға ренжулі екенін "Менің өмірім" бағдарламасында айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Әншінің айтуынша, ол Аралдан арман қуып Алматыға 2012 жылы келген. Сосын өнердегі аралдық жерлестерінен қолдау сұраған. Алайда оның айтуынша, жерлестері де, өзге әншілер де қолдау көрсетпеген. Тек бірен-саран өнер иесі сахнаға алып шығып, дұрыс бағыт берген.
"Алматы қаласына арман қуып, 2012 жылы келдім. 2017 жылдан бастап ән жаза бастадым. Ағалардан, әпкелерден қолдау күткенім рас. "Аралдан шыққан әнші екенсіз. Жеңшемді де танимын" деген жерлерде қолдау болмады. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Тек жерлестерден ғана емес, көп әншіден көмек күтеді екенсің.
Бірақ олар да бізге қолдау көрсетуге міндет емес. Қолдау тек ақша, дүниемен саналмайды. "Мына бейнебаянды түсіргенде осылай жаса", "Халықтың арасында осылай жүр" деген сөздің өзі бір үлкен қолдау. Осылай қолдау көрсетушілердің бірі Индира Расылхан. Ол кісі менің үлкен сахна көруіме себепкер болды. Одан кейін Өмірқұл Айниязов маған дұрыс бағыт берді", - деді жас әнші.
Сонымен қатар әнші эстрадада алаяқтықтың көбейгенін айтты. Оның айтуынша, жастарға өнердегі аға буынның қолдауы жетіспейді.
"Эстрадада ауызбіршілік жетіспейді. Көп әншілер ақындар мен композиторлардың қадіріне жетпейді. Бір ән жазып беріп, ол хит болса, қолына 100-200 мың теңге береді. Содан кейін көмектеспейді. Бір күні ол ақын айтып-айтып, ренжіп қалады. Аллаға шүкір, мен өзімнің ақын-композиторларымды бағалай білемін. Өсіп алғаннан кейін лақтырып кетуге болмайды.
Өнер жолында алаяқтық көп. Бір-біріне өтірік күлетіндер, сыртынан әңгіме айтатындар көп. Өзі жетістікке жеткенде композиторды ұмытып кететіндер бар. Әділет Жауғашар, Жандос Қаржаубай, Мәлік Жамбылұлы және менің шыққанымызға 3-4 жыл болды. Төртеуіміз де не жаңажылдық түсірілімдерге, не үлкен концерттерге қатыса алмай жүрміз.
Мұның себебі: алдыңғы буын әншілердің біз жайлы айтпайтынынан, жарнама жасамайтынынан. Мәселен, Алтынбек Қоразбаев заманында қаншама әншіге көмектесті. Саят Медеуов, Мейрамбек Беспаев, Жұбаныш Жексенұлы, Медеу Арынбаев, Төреғали Төреәлі, Ернар Айдар, Нұрболат Абдуллин, барлығы бізге қолдау көрсетуі керек деп ойлаймын. "Бізді шақыра бергенше, соларды неге шақырмайсыңдар? Біз келеміз де баяғы әнімізді айтамыз. Одан не шығады" деп айтуы қажет. Соңғы шыққан толқынның бір бағдарламаның рейтінгін көтеретіндей деңгейі, көрермені бар. Тың нәрсе болуы керек", - деді әнші.
Жас әнші өнердегі әріптестерінің мағыналы әннен көрі тойда айтатын ән жаздыруға тырысатынына күйінді.
"Ешкім бізге нанын бөліп беріп жатқан жоқ қой. Қолдау күтесің. Сол нәрсе мүлде жетіспейді. Ағалардың қасында жүріп, ақыл-кеңесін тыңдағың келеді. Өнер сонысымен құнды деп ойлаймын. Қазір Саят Медеуовтің, Мейрамбек Бесбаев ағаларымыздың кезіндегі эстрада жоқ. Көрсеңіз күлкіңіз келеді. Әркім тойға келіп, әнін айтады, ақшасын алады, кетеді. Концертте де тура солай. Ақшадан басқа түк ойламайды. Шығармашылық байланыс жоқ.
Бәрінің ойы мына әнді ұрлап алып, тойда айтса болды. Халықты ойлап емес, қалтасын ойлап ән жаздырады. Махаббатпен ән жазылып жатқан жоқ. Бәрі бизнес болып кетті. Қазір әншілер телеарналар шақырса баруға ерінеді, ал тойларға бірінші болып барып алады", - деді Әлімжан Кеңес.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1997374-aqsadan-basqa-tuk-oilamaidy-zas-ansi-qazir-sou-biznes-okilderine-renis-bildirdi-video/