Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ұрысып көрмедім": Актриса Жұлдызай қандай келін екенін айтты

Жарияланған күні:

Жұлдызай Дүйсенбиева "Ниет" бағдарламасында
Жұлдызай Дүйсенбиева. Фото: instagram/zhuldizay_duisenbieva

Қазақстандық танымал актриса Жұлдызай Дүйсенбиева көпті мазалаған сауалдарға жауап беріп, KAZ.NUR.KZ тілшісі сұхбат берді.

- Кино түсіруді қолға алғаныңызды әлеуметтік желіден байқап қалдық.

Иә, қолымыздан келгенше кино түсіріп жатырмыз. Ешкіммен жарысу, бақталасу, бәсекелесу, біреуге бірдеңе дәлелдеу емес. Өзіміздің қолымыздан не келетінін көру мақсатында жасалынып жатқан кино.

- Актерлердің қатарынан өз замандастарыңыздан кімдерді көре аламыз?

Аға буыннан Асанәлі Әшімов көкеміз, Бақытжан Әлпейісов ағамыз, Гүлмира Жақина бар, Гүлшат Тутова тағы басқа бір топ мықты деген әртістеріміз фильмде бой көрсетеді. Бірақ тура қазір есіме түсіп отырған жоқ. Фильмнің тұсаукесерінде өздеріңіз көресіздер.

- Фильмнің бағыты қандай болмақ? Сіз кімнің рөлін сомдайсыз және тұсаукесері қашан болады?

Фильмнің аты әлі жоқ. Себебі, бәрі атауына байланысты деп ойланып отырмыз. Қашан тұсаукесері болатынын да білмейміз. Кинотеатрда бос график жоқ екен. Күтіп отырмыз. Үлгерсек биыл, болмаса келесі жылы шығамыз.

- Үнемі пысық әрі ұрысқақ келіншектің рөлін сомдайсыз. Өзіңіз осы образдан шаршамадыңыз ба?

Маған үнемі режиссерлер сондай рөл береді. Бізде режиссерлер алғаш қай рөлде көрді, сол рөлмен шақыра береді. Басқа образдар сұраған кезде “сізді халық қабылдамай қалады. Сіз тек халықты күлдірмесеңіз, жылтау қолыңыздан келмейді” деген жауап естідім. Сондықтан кейде мен сериалдарды алмай, қарсы болып жатамын. Өйткені, оның бәрін ойнай беретін болсам мен штамб болып қаламын. Сол үшін уайымдаймын. Жылына 20-ға жуық ұсыныс түседі, бірақ ары кетсе екі ғана телехикаяға түсуім мүмкін. Ол да бір-біріне ұқсамайтын рөл болу керек. Әрине, ақшаның соңынан жүрсек, барлық телесериалдарға түсе беруге болады. Алайда, өнерді де ойлау керек деп есептеймін.

- Кинода дауға бір иығы беріп тұратын Жұлдызай өмірде қандай келін?

Келін болғаныма сегіз жыл болды. Ешкіммен ұрысып көрмедім. Ұстазым Райымбек Сейітметов “егер адам жаман рөлді ойнайтын кезде сол жаман адамның мінезін шығара алмаса, демек сол қасиет оның бойында бар” деп айтатын. Ешкімге сөйлемеймін, жуаспын деп айта алмаймын. Әр нәрсенің өзінің орны бар. Бірақ әшейінен әшейін біреумен ұрысып та қалмаймын.

- Әлеуметтік желіде жиі жарнама жасайсыз. Тапсырыстарды арнайы зерттеп қабылдайсыз ба?

Ашылған-шашылған немесе жастарды жардан итеріп жіберетін ешқандай жарнама жасамаймын. Өйткені әр жарнама тікелей менің ұрпағыма жасап жатқан дүние деп ойлаймын. Ертең менің де қызым өседі. Мен жасаған дүние менің қызымның да алдына келіп қалуы мүмкін. Сондықтан, қолымнан келгенше ешкімге зияным тимейтіндей етіп жасауға тырысамын.

- Өнер, отбасы, бала тәрбиесі. Барлығына үлгеру үшін арнайы таймменеджмент қолданасыз ба?

Көп кезде үлгермейтінім рас. Біз 1-2 айға алдын ала жоспар құрамыз. Мысалы, осы айда менде съемка болатын болса, соған қарай қызымның сабағын, оған қарайтын адамды, келетін қонақты, киетін киімімді, үйімді бәрін реттеймін.

- Бала тәрбиесінде Жұлдызайдың басты қағидасы қандай?

Менде бала тәрбиесінде бір ғана қағида бар. Ол тәртіп, тәртіп тағы да тәртіп. Мен үнемі “сенің сабақты беске оқып, тәртіпсіз болғаның қажет емес” деп айтып отырамын. Тәртіптің ішіне адалдық, тазалық, өтірік айтпау кіреді. Және бала кішкентай болса да алдына қоятын мақсаты мен өзінің таңдауы болу керек.

- Отағасының қандай бес қасиетіне алғаш ғашық болып, жоғары бағаладыңыз?

Жолдасымның бес қасиетін саусақпен санай алмаймын. Оның бір ғана қасиеті бар – азаматтылығы. Менің жұмысыма еш кедергі келтірмей, егер саған сол жұмыс ұнаса жасай бер деп рұқсат беруі сол азаматтылығының бір дәлелі деп білемін. Бұл от.асындағы екі адамның бір біріне деген сенімділігі деп ойлаймын. Жалпы қасиетті адам ғой.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1997913-urysyp-kormedim-aktrisa-zuldyzai-qandai-kelin-ekenin-aitty/