Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Сен туралы": Ләйлә Сұлтанқызы марқұм күйеуіне естелік арнады (видео)

Опубликовано:

Ләйлә Сұлтанқызы
Ләйлә Сұлтанқызы. Кадр: Ләйлә Сұлтанқызының Youtube арнасынан

Танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызының жұбайы Қайрат Беркімбаев осыдан біраз уақыт бұрын өмірден өтті. Күйеуінің қырқын өткізген тележүргізуші ол туралы естеліктерімен бөлісіп, бағдарламада көз жасына ерік берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"40 күн ішінде өмірімді "дейін және кейін" деп бөлемін. Себебі, өмірге деген көзқарас, мақсат барлығы 100 пайыз өзгерді. Қанша жыл бір адаммен бір шаңырақ астында тұрып, бір нанды бөліп жеп, өмірдің ыстығы мен суығын бірге көргеннен кейін адамда қимастық, сағыныш сезімі болады. Бұл сезім қырық күннен кейін өшеді немесе өзгереді деп айта алмаймын. Бұл сенің жадыңда жылдар бойы сақталады. Адам өзіне "Неге? Неліктен?" деген сұрақты көп қояды екен.

Барлығы "Қабылда", "Қабылдасаң жеңіл болады", "Ол ешқашан қайтып келмейді", "Тас түскен жеріне ауыр", "Артында бар оңалар" деп жатады. Бәрін түсінемін, бірақ қабылдаудың өзіне уақыт керек. Уақытпен бірге сабыр, төзім керек. Біз өлімге, өлуге дайын емеспіз. Дайын болмаймыз да. Адам болғаннан кейін пендешілікпен қателік те жасаймыз. Жақсылық та, жамандық та біліп, білмей жасаймыз. Неге маған Құдай мұндай сынақ берді? Білем бұл сұрақты қоймауым керек. Алайда Құдай көтере алатын сынақ береді. Демек, мен оны көтере алғандықтан берді. Оңай емес, екі бала. Он баламен жесір қалғандар бар. Оңай емес. Бірақ жеңді ғой, баласы үшін жеңіп келе жатыр", - деді Ләйлә Сұлтанқызы Youtube арнасында.

Сонымен қатар әнші өзіне басу айтып, қайрап қоятынын, балаларына көз жасын көрсетпеуге тырысатынын жеткізді.

"Ағам дүниеден өткеніне 4 күн болғанда, алтыншы баласы өмірге келді. Мен кімге жылаймын, кімге шағымданамын? Көз алдымда жеңгем алты баласымен қалды. Өзімді-өзім кейде солай қайраймын. Өмір жалғасуда, "тұрып еңсеңді көтер" деймін. Екі балаң бар, сол екеуі сенің көз жасыңды көрмеуі керек. Қанша әйел көз жасын сығып алып, жұмысын жалғастырып жүр. Көп нәрсені жыламай айту, оңай емес", - деп тележүргізуші бағдарлама барысында көз жасына ерік берді.

Естеріңізге сала кетейік, Қайрат Беркімбаев биылғы жылдың қарашасында өмірден өткен болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2002756-sen-turaly-laila-sultanqyzy-marqum-kuieuine-estelik-arnady-video/

pixel