Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ешкімнің тоқалы емеспін": Жанар Дұғалова өзін танымал шенеунікпен байланыстырғандарға жауап берді

Жарияланған күні:

Жанар Дұғалова сахнада
Жанар Дұғалова. Фото: instagram/zhanar_dugalova

Танымал әнші әрі актриса, "Кешью" тобының бұрынғы мүшесі Жанар Дұғалова Nege media порталына сұхбат берді. Әнші соңғы кездері сахнадан көрінбей кетуінің себептерін айтып, өзі туралы тараған қаңқу сөздерге жауап берді, деп хабарлайды дереккөзге сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Әнші Баян Мақсатқызының продюсерлік орталығынан кеткен соң жеке жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

"Көбіне өз жанымнан туындаған әндерді шырқайтын болғандықтан, шабытым болса – жазамын, болмаса – жазбаймын. Сондықтан ешкімнің бағыт-бағдар беруінсіз өз еркіммен жұмыс істеп жүрмін. Директорым бар, бірақ жеке продюсерім жоқ. Мен – шығармашылықта да, өнерде де жалғыздықтан қорықпайтын адаммын. Бастысы, Алла жар болсын деймін.

Кейінгі кезде "Жанар көрінбей кеттің" деп жататындардың қарасы көп. Бірақ мен көптеген шақыртуға барудан бас тартып жүрмін. Өздігімнен сұранып, "мені шығара қойшы" деп танымалдылықтың соңына түскен емеспін. Кей әріптестерім сияқты қымбат көлік мініп, зәулім үйде тұрып жатпағаным да содан шығар.

Сосын шоу-бизнестегі адамдармен де жақын араласа бермейтін әдетім бар. Бірақ бәрімен сәлемім түзу. Бұл "жұрттың бәрі жаман, мен кереметпін" деген мінезден емес. Жалпы туа біткен табиғатым сондай – тұйық адаммын. Жаным үнемі тыныштықты қалайды. Жас өте келе жаныңа жақын адамдардың қасында болып, соларға қолдау көрсеткеннің өзі ешқандай атақ-даңққа бергісіз бақыт екенін ұғына түседі екенсің.

Негізі өнер адамының сахнадан тыс уақытта оқу мен тоқуға көңіл бөлгені дұрыс па деймін. Себебі өзін жүгендей алмаса, танымалдылығы жұлдыз ауруы мен тәкаппарлыққа әкелуі мүмкін", - деді Жанар.

Сондай-ақ әнші өзін белгілі саясаткер Бауыржан Байбекпен байланыстыратындарға жауап берді.

"Неге екенін білмеймін, осы қауесет қайда барсам да алдымнан кесе көлденең шығады. Адамар әнші болса болды, міндетті түрде біреудің көңілдесі немесе тоқалы деп түйіндейді.

Құдайшылығымды айтайын, Бауыржан Қадырғалиұлын өз басым өмірімде екі-ақ мәрте көрдім. Оның өзінде концерттік стадиондарда ғана. Соның бірінде менімен жақын сөйлесті, қасында жары Жанар болды. Ол кісі менің "Смерение" деген өлеңімді жақсы көреді екен, соны оқып беруімді өтінді.

Бәлкім, жары Жанармен аттас болғанымнан кейін көпшілік шатастыратын шығар. Оның қыр-сырын өзім де түсінбедім. Әйтпесе мен ешкімнің тоқалы болған емеспін және болмаймын да. Бұл менің тектіден алған тәрбиеме жат, тіпті ойлаудың өзі ұят", - деді Дұғалова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2002967-eskimnin-toqaly-emespin-zanar-dugalova-ozin-tanymal-seneunikpen-bailanystyrgandarga-zauap-berdi/