Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бағлан Әбдірайымов: 20 жыл сахнада жүріп, әкеме бір көлік әпермегенмін

Опубликовано:

Бағлан Әбдірайымов
Бағлан Әбдірайымов. Фото: instagram.com/baglan_abdraimov_official

Отандық әнші Бағлан Әбдірайымов "Уақыт көрсетеді" бағдарламасында өз өкінішін бөлісті. Әнші сахнада 20 жыл жүріп әке-шешесінің жағдайын жасауға тырыспағанына күйінді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Бағдарлама жүргізушісі әншіден "Ойынқұмар болғаныңыз мәлім. Сол кезде ойынды әке-шеше, туған-туыстан артық қойдыңыз ба?", - деп сұрайды.

"Артық қойдым деп айта алмаймын. Басқалар да олай айтпайды, айта алмайды. Бірақ өзіңнің іс-әрекетің, тіршілігің, сол жаққа барып-келуің, сол жақта тегіңді ұмытып, сол жақта 24 сағат жүруің тек әке-шешеңнен ғана емес, бүкіл дүниеден артық көріп, басыңды сол жаққа сұғып жүресің...

Сөзбен "жоқ" деп айтуың мүмкін. Бірақ сен өзің балшыққа батып жүргенде, ойынның басында отырған кезде ештеңе қызық емес. Алматың да қызық емес. Кәсібің де, бала-шағаң да қызық емес болып қалады", - деді Бағлан Әбдірайымов.

Сонымен қатар әнші бағдарлама барысында комаға түскен анасының қазіргі жағдайы мен осы уақытқа дейін ата-анасының жағдайын жасай алмаған өкініші туралы да айта кетті.

"Қазір ақырындап таяқпен сүйеніп жүреді. Анам "Балам, өмірге қайта келуіме дәрігерлер себепші болса, солардың арасында шапқылап, белсенділік танытқан саған да рахмет" деп алғыс айтқан кезде, таңғалдым.

Олар мені өсірді, баптады. Менің алдымдағы ағам сәби кезінде шетінеп кеткен. Менен кейін төрт қарындасым бар. Анам 6 ай комада жатты. Комаға түсіп қалған кезде, "Мәйітті қалай қазамыз" деп ақылдасып, бәріне дайын болдық. Дәрігерлер ештеңе айта алмады.

Бір ай Түлкібаста жатты. Диагноз қоя алмайды, температурасы 40-тан түспейді. Шымкентке әкеліп, МРТ жасатып, ота жасады. Отаның өзі 90 пайыз қатермен жасалды. Алматыға да, Астанаға да алып бардық. Астанада ота жасалып, анам 6 айдан кейін оянды. Мен анамның тізесін құшақтап, аяғын сүйіп, жылап отыратынмын.

Дүниеде оңбаған мен ғана шығармын. Менің жанымды жегідей жейтін нәрсе: сахнада 20 жыл жүріп, әкеме бір көлік әпермегенмін. Біздің ауылдың қысы ерекше, үйден жуынатын бөлме жасамағанмын. Жақсы үй салып бермегенмін, әке-шешемді шетелге алып шықпағанмын. Ұят па? Ұят! Осы уақытқа дейін не істеп жүргенмін? Өзім еңсемді көтере алмай жатсам, анам осындай болды. Үйде келіншегім "Есіктің алдында көлік тұр" деп хабарласады. Біреу менің үстімнен арыз жазады. Осының бәрінен өттік қой. Әкеме жаңа көлік сыйлайтындай, қалаған үйімді алатындай, қарыз деген аурудан айығып кетсем арманым жоқ", - деді ағынан жарылған Бағлан Әбдірайымов.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Бағлан Әбдірайымов бір күнде 22 мың доллар ұтылғанын айтқан болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2006409-baglan-abdiraiymov-20-zyl-saxnada-zurip-akeme-bir-kolik-apermegenmin/

pixel