Композитор Арман Дүйсенов қайтыс болды

Опубликовано:

Арман Дүйсенов
Арман Дүйсенов. Фото: instagram.com/indiraelemes

Танымал композитор Арман Дүйсенов өмірден өтті. Қаралы хабарды көпшілікке журналист Дәулет Мұқаев хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"Тағы бір жақсы адам кетті... Танымал композитор, продюсер, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткері Арман Дүйсенов 48 жасында дүниеден озды.

Арман ағамен "Хабар" арнасында бірге қызметтес болдық. Жүргізушілік еткен "Тапқыр достар" бағдарламасына командамен қатысып, жеңімпаз болған едік. Үнемі көңілді, айналасына шуақ шашып жүретін жан еді. Әр нәрсеге балаша қуанатын. Жатқан жеріңіз жайлы болсын. Арман ағаның жарына, туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамыз. Бақұл болыңыз, аға!", - деп жазды Дәулет Мұқаев Instagram парақшасында.

Айта кететіні, өнер иесінің әзірге неден қайтыс болғаны белгісіз.

Арман Дүйсенов 1974 жылы Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында туған. Ол - Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, заманымыздың ең дарынды композиторы, продюсер, тележүргізуші. Музыканттың еңбек жолы 1990 жылы Павлодар қаласында өткен ХХІІ республикалық жас орындаушылар байқауында жеңіске жеткеннен кейін басталған. 

Арман Дүйсенов әлемдік классикалық музыка, эстрадалық музыка, фольклорлық этнография сияқты салаларда кәсіби музыкалық білім алды. Дүйсенов көптеген фильмдерге музыка жазды. Оның ішінде "Сүйінші", "Теміртау көктемі", "Ақ сұңқар" және де тағы басқа туындылар бар.

Композитор 2014 жылы маэстро EMA Muzzone нұсқасы бойынша жылдың үздік композиторы атағына ие болды. Тағы бір жылдан кейін "Астана Жұлдызы" нұсқасы бойынша да жылдың үздік композиторы атанды.

Арман Дүйсенов "Мәдениет қайраткері" төсбелгісімен марапатталған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2006542-arman-duisenov-qaitys-boldy/