"Алты ай ауруханада жаттым": Бибігүл Төлегенова өзінен бір мүшел жасқа үлкен жарымен арадағы қиындықтары туралы айтты
Жарияланған күні:
Қазақ опера әншісі Бибігүл Төлегенова өткен өмірін еске алып, бірінші күйеуі жайлы айтып берді. 93 жасқа келген әнші "Қазақ үні" басылымына сұхбат беріп, өзінен бір мүшел үлкен адамға анасының келісімінсіз тұрмысқа шығып кеткенін және отбасылық өмірде болған қиындықтарын бөлісті, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Әншінің айтуынша, ол Алматыға байқауға келген. Осы сапарында өзгелер Төлегеноваға оқуға түсуге кеңес беріп, ол жеті кластық білімімен консерваторияның дайындық курсына қабылданады.
"Үйге келіп, шешеме оқуға кететінімді айттым. Біртүрлі ширығып алғанмын. Шешем "Ол бұзылатындардың оқитын оқуы. Осыдан кетсең, теріс батамды беремін" деді. Мен енді жалтақтамай кетіп қалдым. Шешем хабарласпай қойды. Іле-шала өзімнен бір мүшел жасқа үлкен адамға тұрмысқа шығып кеттім. Мұны естіген шешем "Айтып едім ғой, ол бұзылуға кетті" деп, менен бетін мүлде теріс бұрып алды.
Тіршілігіміз қалт-құлт. Тұрған үйіміздің пешіне жаққан отымыз далаға кетеді. Бір танысымыз сексеуіл береді. Оны буып иығыма салып, трамвайға мініп үйге әкелемін. Екі сағат жүріп, көтеріп әкелген отыным жарты сағаттық жылу бермейді. Күйеуіммен арамыз да тоң-теріс. Бірде тоқ пешінің үстіне су қайнатып қойып, еден жууға кіріскенмін. Сол кездегі едендер баттасып тұра ма, пышақпен кырғыштап жатқанмын. Бір уақытта күйеуім ортада тұрған столды маған итеріп қалғаны, бір шелек қайнаған су үстіме төгілді. Иығым білегіммен қоса жидіп түсті.
Алты ай ауруханада жаттым. Күйеуім кешірім сұрап, "ешкімге айтпа" деп кетеді. Кішкентай әтірдің құтысына коньяк құйып әкеледі де, "осыны ішсең, тез жазыласың" дейді. Баламын ғой, айтқанын істеймін. Сөйтіп жүргенімде, қызым дүниеге келді", - деді Бибігүл Төлегенова.
Осылай жүріп әнші дайындық курсын бітіріп, 1-ші курсқа қабылданады. Алайда оқуға барған әншінің дауысы шықпай қалған.
"Мұғалімім "Сен енді әнші болмайсың. Басқа институтқа оқысаң да болады" деп қарап тұр. Тұрмыс қажытып, шешем кейіп жүргенде, мынау оңай соққы болмады. Ашынып кеттім. Ара-арасында теріс батаның кесірі осы шығар деп те ойлап қоямын", - деді әнші.
Кейін Төлегенованың әндері эфирден беріле бастаған. Осыны естігеннен кейін әншінің анасы хабарласады.
"Майшекин (Мақсұтбек Майшекин - ақын, драматург) қазақ радиосында жұмыс істейтін. Сол кісіге барып әндерімді жаздырдым. Эфирден беріле бастады. Шешем соны естіп, "Мына қыз адам болайын деген екен" деп жылап алып, хабарласып тұр. Ренішін ұмытқаны, өнеріме қолдау көрсетіп ықыластанғаны, "әкеңнің Күлтайым халық артисі болады дегені дәл келді ғой" деп қуанғаны менің ішіме жиналған кірбіңді жұлып алғандай болды. Таң атып келе жатқанда айнала бір аппақ нұрға малынып тұрады ғой, жаным дәл солай жаңарды", - деді Бибігүл Төлегенова.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2012754-alty-ai-auruxanada-zattym-bibigul-tolegenova-ozinen-bir-musel-zas-ulken-kuieuimen-aradagy-qiyndyqtar-turaly-aitty/