Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бүгін дұғамдасың": Нұрлан Өнербаев өмірден ерте кеткен інісін еске алды (фото)

Жарияланған күні:

Нұрлан Өнербаев
Нұрлан Өнербаев. Фото: "Әке бақыты" бағдарламасы

Отандық әнші Нұрлан Өнербаев өмірден ерте кеткен інісін еске алды. Әнші бауырының жол апатынан қаза тапқанын айтып, орындауындағы "Бауырды сағыну" әнін інісіне арнап орындағанын баяндап берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Нұрлан Өнербаев бұл жайлы Instagram парақшасында мәлім етті

"Менің орындауымдағы "Бауырды сағыну" деген ән естеріңізде болар. Өзімнің жеке ән кешімде де көп орындай бермеймін. Өйткені, мен үшін өте ауыр ән. Ауыр болатыны, оқуын бітіріп, енді орда бұзар отыз жасқа келгенде жол апатынан мерт болып, бақилыққа аттанып кете барған өзімнен кейінгі тете өскен інім Ерланға арнап орындаған едім. Ол біздің есімізде де, жүрегімізде де дәл осы бейнесімен қалып қойды.

Әлі есімде, мамыр айының 3-і болатын. Мен Атырау облысына жоспарлап қойған концертімнің алғашқысын өткізіп жатқанмын. Суық хабарды сол кештегі екінші концертімнің үстінде естіртті. Ары қарай есімде жоқ. Концертімді сол жерден тоқтатып, жоспарлы кештерді кейін қалдырып, Қарағандыға ұштым. Ерлан әне-міне "дипломымды аламын" деп жүрген кезі еді. Содан інімнің денесін алып, ұшақпен ауылға қайттым. Қазір ауылымыздың сыртындағы зиратта бір төмпешік болып жатқанына да отыз жыл болыпты. Қапияда көз жазып қалған сол бауырымның бүгін туған күні. Тірі болса 60 жасқа толар еді-ау", - деп жазды Өнербаев.

Сонымен қатар өнер иесі інісінің артында бір қызы қалғанын айтып, соны көңілге медет етті.

"Кейде ойлаймын, ән айтқаным болмаса, менің бойымда қанша өнер бар осы деп? Ал Ерлан інімнің бойында неше түрлі өнер бар еді. Тілге шешен, домбырамен де, гитарамен де ән салып, жүрген жерін той-думанға айналдырып жүретін. Қағытып орынды қалжың айтып, айналасын күлкіге қарық қылып жүретіні де бар еді.

Көңілге медеу болатыны, Құдайға тәубә, артында бір тұяқ, құндыздай қызы бар. Бүгінде шет елде біліп алып келіп, отбасын құрып перзентті болды. Әйтеуір, өз көңілімізде "атасы Ерланнан аумайды-ау" деп жұбанатын екі немересі өсіп келеді. Бүгін дұғамдасың. Жаның жәннатта болсын, бауырым", - деді Өнербаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2013547-bugin-dugamdasyn-nurlan-onerbaev-omirden-erte-ketken-inisin-eske-aldy-foto/