"Саясат - ойнайтын жеңгең емес": Танымал әзілкеш депутаттықтан үміткер болған әріптестері туралы пікір білдірді
Жарияланған күні:
Көпшілікке "Шімән апа" лақап атымен танылған әзілкеш Ерболат Төлегенов жуырда өткен депутат сайлауына қатысты пікір білдірді. KAZ.NUR.KZ тілшісіне экслюзив сұхбат берген әртіс саясатқа бет бұрған әріптестері туралы айтты.
- Ерболат мырза, әңгімені Өзбекстанға жасаған сапарыңыздан бастайықшы. Арнайы шақыру түсті ме?
- Иә, арнайы шақырумен бардым. Өзбекстан және Қарақалпақстан Республикасына танымал әртіс Мақсат Өтемұратовтың өнерде жүргеніне 25 жыл болған. Соған орай ол алғаш рет Ташкентте авторлық кешін өткізді. Мақсат Өтемұратов өзі ұсыныс жасап шақырды. Өзбек әртістерінің айтуы бойынша, бұл сарайда әзілкештерден алғашқы болып өнер көрсеткен мен екенмін.
- Биыл көп танымал тұлғалар, спорт майталмандары, блогерлер депутаттыққа өз кандидаттарын ұсынды. Өзіңізде іштей "мен де депутат болсам ба" деген ой болмады ма?
- Жоқ, мүлдем болмады. "Құмырсқа әліңді біл, шегіртке жолыңды біл" деген бар ғой. Себебі, өнер адамы сахнадан кетсе, халық назарынан тыс қалады. Десе де, болашақта не болатыны белгісіз. Халық назарынан тыс қалған соң, қайта көріну де оңай емес. Саясат - сенің ойнайтын жеңгең емес әрі саясаткер болу оңай емес. Ол үшін төзім керек, білім керек. Қазір мандаттыққа, мәслихатқа өз-өзін ұсынғандарды көрдік. Үш жарым мың орын берілсе, он алты мың адам өзін ұсынған екен. Ит те, құс та ұсынылса да, ішінде лайықтылары бар. Енді мен он бес жыл сахнада кемпір рөлін ойнап, депутаттыққа ұсынылғаным ұяттау болар.
- Өнерден бөлек сізге табыс әкелетін қандай кәсібіңіз бар?
- Өнерден бөлек табысым жоқ.
- Болашақта бизнес ашқыңыз келе ме?
- Өнердің өзі бизнес емес пе? Орыстар "шоу бизнес" деп айтады ғой. Біз бизнес дегенді жеке дүкен, көлік сататын кәсіппен өлшеп жатамыз . Меніңше, өзге қалаларға барып, концерт қойып, табысыңды тауып, салығыңды төлеп отырсаң, соның өзі жеткілікті. Мұндай сұрақтар үнемі қойылса да, ешкім болашағын білмейді ғой. Бес минуттан кейін не болады, ауызашарға жетіп-жетпеуіміз де Аллаға аян. Әрине, жоспарлар бар. Бірақ, елге жариялап, ол болмай қалып "ерте айқайлаған әтештің басын шаптың" дегеннің күйін кешкім келмейді.
- Қаржылық сауаттылықты білмеген адам қарыз бен несиенің шырмауында жүреді деген пікірмен келісесіз бе?
- Қаржылық сауаттылықты қазаққа үйретудің қажеті жоқ секілді. Байқағаным, көп табыс болса, көп шығын да болады. Қазір "Коуч, бай болуды үйретемін" дегендер көп қой. Өз басым құптамаймын. Әрбір нәрсе Алладан. Қаржылық сауаттылықтан гөрі, заңдылық сауаттылықты үйренген дұрыс шығар. Жол полициясын былай қойып, өзге адаммен келісімшарт жасасақ та, заңды құқығымызды білмейміз.
- Өзіңіз көпбалалы әкесіз. Балалардың мектептегі сабағына қаншалықты мән бересіз?
- Сабағына араласамын деп айта алмаймын. Бірақ тәрбие беруден тыс қалған емеспін. Сабағымен анасы, әжесі айналысады. Олимпиада чемпионы бол демеймін, бірақ өз-өзін қорғай алатын, қарындасын қорғай алатын азамат бол деймін. Қыста бір жұмысың - қар күреу, жазда бір жұмысың - газон тазалау деп жүремін үнемі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2014669-sayasat-oinaityn-zengen-emes-tanymal-azilkes-deputattyqtan-umitker-bolgan-ariptesteri-turaly-pikir-bildirdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.