"Бейбіттің дауысын естуім керек болды": Тоқтар Серік коронавируспен ауырған кезін еске алды (видео)
Жарияланған күні:
Отандық әнші Тоқтар Серіков карантин кезінде қатты дертке шалдыққан сәтін еске алды. "Төрлетіңіз" бағдарламасына келген әнші қан қысымының 200-ден асып, төрт күн төсектен тұрмай жатқан уақытын баяндап берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
"Мен үшін қорқынышты жағдай. Коронавирус кезінде мен марқұм анам тірі, екеуіміз бірге ауырдық. Иманды болғыр, ауырып тұрғанымды анама білдірмеймін. Екеуіміз ауылдамыз. Анам үшін барып, ауруды бір жерден іліп алып тұрмын. Ол кісі сексеннен асқан. "Анам кетіп қалады ма" деп қиналып тұрмын ғой. Бейбіт бала-шағамен қалада қалған. Қала жабылып, байланыссыз қалдық. Мен кішкентай ауылда жатырмын.
Содан дәрігерді шақыртып, "Мені тексерші. Соңғы уақытта болмай тұрмын" дедім. Қан қысымым 200-ден асып кеткен. Әлгі кісі бір күн алысты, екінші күн алысты. Сосын жылап "Саған шамам жетпейді. Кетіп қалуың мүмкін. Алматыға жетуің керек" деді. Анама білдірмеймін. Ол кісі де ауырса да, маған тамақ дайындап жүр.
Бейбітпен хабарласа алмай жатырмыз. Шықтым да, Алматыға ұштым. Байланыс бар жерге шығып, "Бейбіт, мен коронавирус болып қалдым. Үйден басқа еш жерге бармайтынымды білесің ғой. Үйді дайында" деп хабарластым. Келсем, екінші қабатты дайындап қойған. Балаларды кіргізбейді. Системаның түр түрін алып қойған. Солай төрт күн сұлқ құлап, тілсіз жаттым", - деді Тоқтар Серіков.
Сондай-ақ Тоқтар Серіков ауырып жатқан сәтте жұбайы Бейбіттің дауысын аңсап, ән жазғанын жеткізді.
"Дауысты аңсайсың. "Орныңнан тұрсайшы" дейтін дыбыс немесе жылы сөз керек. Бейбіттің тым болмаса дауысын естуім керек болды. Көп адамнан айырылып қалдық. Өзімізде үрей болды, қорықтық. Тым құрымаса әнімді естісін, әннің ішінде оған деген сезімім, махаббатым бар ғой деген ниетпен "Сен маған хабарлассаңшы" деген ән жазғанмын. Әні де, сөзі де өзімдікі. Бейбіт орындайды", - деді Тоқтар Серіков.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2017183-beibittin-dauysyn-estuim-kerek-boldy-toqtar-serik-koronaviruspen-auyrgan-kezin-eske-aldy-video/