"Ондай жігітті әлі көрген жоқпын": Меруерт Өтекешова марқұм жары берген гүлді елу жылға жуық уақыт бойы сақтағанын айтты
Жарияланған күні:
Театр және кино актрисасы Меруерт Өтекешова жұбайы Құман Тастанбековты еске алып, ол туралы естеліктерін бөлісті. "Қыз Жібек" фильмінің түсірілімінен кейін жұлдызды жұптың махаббаты қалай өрбігенін Меруерт Өтекешова "Ел" бағдарламасында айтып берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
"Мен түсірілімге мектеп бітіргеннен кейін келдім. 17 жаста едім. Ал Құман (Тастанбеков - ред.) студент, сымбатты жігіт, ұзын бойлы. Ондай жігітті қазір еш жерде көрген жоқпын. Сымбатты жігіттер көп. Бірақ Құман сияқты жігітті мен көрген жоқпын.
Құман нағыз ауылдың жігіті. 20 жасында Алматыға оқуға келді. Ата-енем он жылдай біздің қолымызда болды. Құман "Қолымызға алдырайық" деп айтты. Мен "Жарайды" дедім. Біз жақсы тұрдық. Енем де, атам да өте керемет адам болды. Атам ұзын бойлы, сымбатты адам болды. Жұма сайын мешітке барып, намаз оқитын", - деді Меруерт Өтекешова.
Сонымен қатар Меруерт Өтекешова жұбайы Құман Тастанбековтің "Қыз Жібек" фильмінің түсірілімінде сыйлаған гүлін әлі күнге сақтағанын айтты.
"Түсірілім біткенде көктем келді. Махаббат пайда болды. Құман түсірілім біткенде, демалыста даладан теріп, гүл сыйлады. Сол гүл үйде бар. Бірақ гүлге ұқсамайды. Бірақ сақталды, менің жанымда, Құман өзі "Мынаны қалай сақтадың?" деп таңғалды. "Сені жақсы көргеннен кейін сақтадым" дедім", - деп айтты Меруерт Өтекешова.
Айта кетейік, актриса Меруерт Өтекешова мен актер Құман Тастанбеков танымал отандық "Қыз Жібек" фильмінің басты рөлінде ойнаған. Олардың фильмдегі махаббаты өмірде жалғасын тауып, кейін екеуі отбасы құрады. Жұлдызды жұптың Жібек, Томирис, Фараби есімді ұл-қыздары бар.
Актер Құман Тастанбеков 2017 жылдың желтоқсанында өмірден өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2017344-meruert-otekesova-tolegennin-qyz-zibek-filminin-tusiriliminde-syilagan-gulin-ali-kunge-saqtap-zurgenin-aitty/