Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Алданып қалдық": Димаштың әкесі баласының атын жамылған алаяқтар жайлы айтты

Жарияланған күні:

Димаш Құдайберген, Қанат Айтбаев
Димаш Құдайберген, Қанат Айтбаев. Фото: instagram.com/kanat_sveta_aitbayevtar

Танымал әнші Димаш Құдайберген осыдан біраз уақыт бұрын өз атын жамылған алаяқтардың пайда болғанын айтып, тыңдарманына ескерту жасаған болатын. Нартай Аралбайұлына сұхбат берген Қанат Айтбаев ұлының есімін пайдаланған алаяқтардың ісіне пікір білдірді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Бағдарлама жүргізушісі Нартай Аралбайұлы әншінің әкесінен "Ұлыңыз Димаштың тыңдармандарымен өткізген тікелей эфирін пайдаланып, "мына шотқа ақша жинап жатыр екен" деп өтірік ақпарат жариялап қояды. Осы тұрғыда сіздерге алданып қалып едік деп хабарласқан азаматтар жоқ па?", - деп сұрады.

Ал Қанат Айтбаев әзірге ондай шағым түспегенін атап өтті.

"Олай хабарласқан азаматтар болған жоқ. Дегенмен, қазақта "Күріштің арқасында күрмек су ішеді" деген сөз бар ғой. Ол енді паразиттік ұғым. Тек қана Димаштың атын емес, белгілі саясаткерлердің де атын қолданып, өтірік жарнаманы қолдан жасайды. Қазір екеуіміздің сұхбатымыздың видеосын алып, үстіне "Мынадай шотқа ақша аударуыңызға болады" деген сөзді жазып қояды. Екеуіміздің сөйлесіп отырған видео бір эфирді жүргізіп отырғандай болады. Екеуімізге сеніп отырған халық, аударма жасауы мүмкін.

Бірақ, енді, әрбір азамат жаһандану заманында неше түрлі алаяқтардың болатынын біліп, "рас па, өтірік пе" деген сұрақ қойып, ары қарай әрекет етуі керек. Өкінішке орай, алаяқтар бар. Ондай алаяқтар бола да береді. Оны біз үнемі парақшамызда, баспасөз беттерінде жарнамалап айтып жүрміз. Бірақ, ақкөңіл, аңғал халық көп. Белгілі, танымал адамның бейнесі тұрса, соған сенетін кісілер бар. Соның атынан (танымал адамның - ред.) бірнеше күннен соң жойылып кететін өтірік парақша ашып, өзінің арамза істерін жүзеге асыратындар көп. Сондықтан көзі қарықты ағайыннан мән беріп, сақ болуын сұраймын", - деді Қанат Айтбаев.

Сонымен қатар Димаш Құдайбергеннің әкесі мұндай істің заңмен қаралатынын да атап өтті.

"Әзірге ондай ойым бола қойған жоқ. Бірақ, қай нәрсенің де заң аясында жауапкершілігі барын әркім ескеруі керек. Өйткені, әркімнің жан дүниесі бар, отбасы бар, қарым-қатынасы бар. Сондықтан өтірікті - шындай, шынды - Құдай ұрғандай қылып, әңгіме айтып отыратын адамдар ойлану керек. Әркім өзіне есеп беруі керек",- деді Қанат Айтбаев.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Димаш Құдайберген өз атын пайдаланатын алаяқтардың барын айтып, тыңдармандарына үндеу жасаған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2018365-aldanyp-qalyp-edik-dimastyn-akesi-balasynyn-atyn-zamylgan-alayaqtar-isine-pikir-bildirdi/