Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Тұңғышбай аға оқуымды төрт жыл төледі": белгілі актер грантқа түсе алмай, жылаған кездерін еске алды

Опубликовано:

Шерхан Пірназар
Шерхан Пірназар. Фото: instagram/sherhanpirnazar

Отандық фильмдер мен телехикаялардың басты жұлдыздарының бірі Шерхан Пірназар "Түнгі студия" бағдарламасында қонақ болып, өнерде қамқорлық көрсеткен ұстазы жайлы тебірене баяндады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"Алматыға бірінші рет келдім. Тауға ғашық болдым. Бір жыл бойы әскери білім алу үшін құжат жинадым. Оқуға бүкіл әулет ас беріп, шығарып салды. Әскери оқу менікі еместігін түсіндім, бірақ. Таяқ көрдім, құнары жоқ тамақ көрдім. Осылайша, оқудан шығып кеттім. Кейін Қызылордадағы техникалық колледжге оқуға түстім. Екі жыл кейін, 95-96-жылғы балалармен автомеханик мамандығында білім алып, екі жыл оқыдым. Тағы да өзіме келмейтінін түсініп, оқымаймын деп шештім. Қызылордада Ақұзақ деген бауырым, досым бар. "Өнер академиясына барайық, сенің түрің бар, даусың бар ғой. Мен бара жатырмын", - деді. Колледждегі апайларым да: "Сенің түрің бар ғой, іс-шараларды жүргізіп берші", - дейтін. Ал мектепте акт залының есігін ашпаған адаммын.

Алматыға келсем, Тұңғышбай Қадырұлы Жаманқұловтың тобына талапкерлерді іріктеп жатыр екен. Ол кісі мені бірден ұнатты. Ағайдың курсына емтихан тапсырдым. Грантқа түсе алмай қалдым. Алматыда еш туысқаным жоқ. Мешітте тұрдым, подъезде тұрдым. Бір баламен жақсы араласып қалсам, соның үйінде бір аптадай тұрдым. Тағы бір жігітпен сөйлессем, соның үйіне барам. Бар үмітім грантқа түсу еді. 88 балл жинап, грантқа түсе алмадым. Қаскелеңдегі мешітте жатқам, Тұңғышбай аға телефон шалды. "Жағдай осылай боп тұр, ақылы оқимын десең, алайын сені", - деп басу айтып жатыр.

Сол кезде қатты жыладым. Бәрі көз алдымнан өтті. Анамның көзіне қалай қараймын деген ой болды. Ертеңіне академияға бардым, грантқа түспегенімді түнде естіп алғам. Сол кезде бір бала жүгіріп келіп: "Тұңғышбай аға шақырып жатыр", - деді. Бармаймын дедім. Сосын ол кісі телефон шалып, ішке шақырып алды. Тұңғышбай аға деканға кіріп, мына балаға грант тауып берейік деді. Ол грант жоғын айтты.

Сол кезде Тұңғышбай аға: "Оқи бер, ақшасын өзім төлеймін", - деді. Бәрі қуанып кетті. Бірге кадр бөліміне келіп, құжат тапсырдық. Осылайша, Тұңғышбай аға төрт жыл өзі оқытты", - деді Шерхан Пірназар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2022035-tungysbai-aga-oquymdy-tort-zyl-toledi-belgili-akter-onerdegi-akesi-turaly-agynan-zaryldy/

pixel