Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Төреғали Төреәлі қамауға алынып, 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды

Опубликовано:

Төреғали Төреәлі
Төреғали Төреәлі. Фото: instagram.com/toregalitoreali

Әнші Төреғали Төреәлі 20 тәулікке қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды. Бұл туралы Facebook желісіндегі Алматы соттары ресми парақшасында хабарланды.

"Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында көлік құралдарына зақым келтіруге әкеп соққан есірткіге мас күйінде көлік құралын басқару фактісі бойынша азамат А.-ға (толық аты-жөні Төреғали Төреәлі Алиханов – ред.) қатысты әкімшілік іс қаралды (ӘҚБтК-нің 608-б., 3-б.).

Сот 2023 жылғы 14 маусымда А. есірткіге мас күйінде көлік жүргізіп, патрульдік көлікке шабуыл жасағанын анықтады. Жол-көлік оқиғасы салдарынан автокөліктерге механикалық зақым келген.

Сот отырысында құқық бұзушы іс материалдарында баяндалған фактілерді растады және өз ісіне өкініш білдірді", - делінген сот хабарламасында.

Сот қаулысы бойынша Төреғали Төреәлі ӘҚБтК-нің 608-бабы 3-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылған. Сондай-ақ оған 20 тәулік мерзімге қамауға алу түріндегі әкімшілік жаза қолданылған.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетсек, бұған дейін әлеуметтік желілерде Алматыда жол бойында полция қызметкерлерінің Lexus көлігінің жүргізушісін ұстаған сәтінен видео тараған еді. Куәгерлер ұсталған азаматтың танымал әнші Төреғали Төреәлі екенін байқаған.

Кейін Алматы қаласының полиция департаменті желіде тараған видеоға қатысты пікір білдіріп, полиция қызметкерлері Майлин көшесінің бойында А. есімді азаматтың басқаруындағы Lexus автокөлігін тоқтатқанын хабарлады.

Полицияның мәліметінше, жүргізушінің мінез-құлқы өрескел болып көрінген. Яғни, ол агрессивтілік танытып, полицияның заңды талаптарына бағынбай, тұрақта тұрған Chevrolet көлігіне зақым келтірген. Сондай-ақ ұсталған орнынан қашып кетпек болған.

Полицейлер құқық бұзушының жолын бөгеп, оны ұстап, медициналық тексеруге алып барған. Сараптама қорытындысы бойынша оның есірткіге мас күйде екендігі анықталған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2024807-toregali-torali-20-taulikke-qamauga-alynyp-7-zylga-kolik-basqaru-quqygynan-aiyryldy/

pixel