"Менің атымнан ақша жиналса, сенбеңіз": Көшеден табылған сазгер күтпеген мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:
Танымал ақын, эстрада жұлдыздарының әндеріне сөз жазған Арман Қайназаров көше кезіп жүрген жерінен табылған болатын. Сазгер әлеуметтік желіде өзі жайлы таралған ақпаратқа жауап беріп, көпшіліктен өз атына ақша жиналып жатса, сенбеуді сұрады, деп жазады Massaget.kz.
Massaget.kz мәліметінше, ол ешқандай әнші өзіне қарыз емес екенін әрі продюсер іздеп жатпағанын жеткізген.
"Қолдау көрсеткендеріңізге рақмет. Соңғы болған жағдайларды өз аузымнан естіп-біліңіздер. 18 маусымда Тимур Нұғман бауырым көшеден тауып алып, бір күн қол ұшын берді. Сол үшін рақмет.
Ешбір әнші маған қарыз емес. Барлық әншіге ризамын. Бауырларым, туыстарым жанымда. Мені ешкім ренжіткен жоқ. Өзім ішімдікке тәуелді болғандықтан, көшеге кетіп қалып жүрдім. Осы уақытқа дейін менің атымнан ақша жинаған жоқпыз. Менің атымнан ақша жиналып жатса, сенбеңіздер. Осы соңғы жағдай отбасыма, туыстарыма өте ауыр тиіп жатыр. Сондықтан жалған ақпаратты жан-жаққа таратпауларыңызды сұраймын. Сахнаға шығу жоспарымда жоқ. Продюсер іздеп жатқаным да жоқ. Ниеттеріңізге, көңілдеріңізге рақмет", - деді Арман Қайназаров.
Естеріңізге сала кетейік, талай жұлдыздарға ән жазып берген Арман Қайназаров тағдыр тәлкегімен адам танымастай күйге түскен. Ащы судың соңына түскен Арманды әлдекімдер Алматы көшесін кезіп жүрген жерінен тауып алғанын жазған болатынбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2026366-menin-atymnan-aqsa-zinalsa-senbeniz-koseden-tabylgan-sazgen-kutpegen-malimdeme-zasady/