"Қорландым": актриса Әсел Асқар Алматыда фитнес-залда соққыға жығылғанын мәлімдеді (видео)
Жарияланған күні:
Қазақстандық актриса әрі блогер Әсел Асқар Алматыдағы фитнес клубтардың бірінде өзін қорлап, соққыға жыққанын мәлімдеді. Полицейлер блогердің сөзіне қатысты пікір білдірді деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
Болған оқиға туралы Әсел Асқар Instagram парақшасында жазды.
"Мен өзімді бүгін қорланғандай, намысым тапталғандай сезіндім", - деді блогер.
Оның айтуынша, Алматыда фитнес орталықтың бірінде ер адам оған қол көтеріп және бұл жағдай үшін өзіне ештеңе болмайтынын айтқан. Сонымен қатар ер адам блогерді қорқытып, анасы екеуін балағаттаған.
"Ол танымал адам, ал мен "қазақтың жезөкшесі" екенмін. Осы оқиғаны қарап, қолданыстағы заңнама аясында шешім қабылдауыңызды сұраймын", - деп блогер құқық қорғау органдарына жүгінді.
Әсел Асқар видеосында полицияға арыз жазып үлгергенін айтып, Алматы қалалық полиция департаментінің басшысынан істі бақылауға алуды сұрады.
Сонымен қатар Әсел Асқар жазбасына Алматы қаласының прокуратурасын белгілеп, қадағалаушы органнан тергеу барысын бақылауды сұрады.
"Қыздарды көшеде ұрып-соғатынын бірнеше мәрте естігенен кейін, бұлай жалғаспауы үшін заң жүзінде нақты шешім шығарылса екен деймін", - деді Әсел Асқар. Сонымен қатар ол өз елінде өзін қауіпсіз сезіне алмайтынын жеткізді.
Әсел Асқар Instagram Stories-інде оқиғаның неден басталғанын түсіндірді. Оның сөзінше, блогердің мобилографы оны жаттығу жасап жатқан жерінде видеоға түсіріп жүрген. Ал ер адам кадрге түсіп қалғысы келмеген. Нәтижесінде Әсел мен ер адамды залға келген өзге адамдар ажыратқан.
Алматы қалалық полиция департаменті NUR.KZ тілшісіне фактінің болғанын растап және Медеу аудандық полиция бөлімі оқиға бойынша тергеу жүргізіп жатқанын мәлім етті.
"1996 жылы туған азамат М.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабының 1-і яғни ұрып-соғу тармағы бойынша және 434 яғни ұсақ бұзақылық туралы бап бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Азамат А.-ның алған дене жарақатының ауырлығын анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды. Шешім қабылдау үшін өндіріс материалдары сотқа жіберіледі", - делінген полиция мәлімдемесінде.
Сонымен қатар департамент тергеу барысы Алматы қалалық полиция департаменті басшылығының бақылауында екенін атап өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2032796-qorlandym-aktrisa-asel-asqar-almatyda-fitnes-zalda-soqqyga-zygylganyn-malimdedi-video/