Әнші Динара Әлжан: Қызымның біреудің тоқалы болғанын қаламас едім
Жарияланған күні:
Өзін көпшілікке Болат Назарбаевтың экс-тоқалы ретінде таныстырған әнші Динара Әлжан ашық сұхбат берді. Бүгінгі таңда өзін толықтай шығармашылыққа арнап, қызымен көп уақыт өткізуге тырысып жүргенін Динара Әлжан KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген экслюзив сұхбатында айтты.
- Динара ханым, сұхбатты шығармашылық жаңалықтардан бастайықшы. Қазір немен айналысып жүрсіз?
- Қазіргі уақытта өздеріңіз білетін "Кавер" шоуға дайындалып жатырмын. Жуық арада өз өнерімді көрсетемін. Сонымен қатар киноға түсіп жүрмін. Осы уақытқа дейін 25 фильмде түрлі рөлді сомдадым. Жақында Ақан Сатаевтың "Моя половина" фильміне түстім. Ол кісінің рөл ұсынғанына қуаныштымын. Желтоқсан айында жеке брендімді ашамын. Қандай бренд екені әзірге құпия, жаңа жылға дейін ашылуы болады. Көршілес мемлекеттерден тапсырыс түсуде, тойға шақырады. Аллаға шүкір, әндерім хитке айналуда.
- Қазір жұлдыз болу үшін бұрынғыдай көп ақша қажет емес. Әлеуметтік желіде трендке іліксеңіз, жолыңыз болды деген пікір бар. Келісесіз бе?
- Бұрын өзімді дамыту үшін, сахнада өнер көрсетіп, хит әндер жазу үшін көп шығындалатынмын. Қазір адал студия мен адал ақын-композиторлардың арқасында шығынға бату деген жоқ. Бұрын теледидарға бейнебаян шығару үшін біраз тер төгетінбіз. Қазір әлеуметтік желі арқылы әндерім тез тарап, тыңдарман тарапынан оң пікір айтылуда. Бұл өнердегі жұмысымызды тездетіп, шабытымызды аша түсуде.
- Өзіңіз әлеуметтік желіге қаншалықты көңіл бөлесіз? Ол сізге қаншалықты табыс әкелуде?
- Қазір әлеуметтік желі табыс көзінің ортасы. Онсыз ақша да, сауда да жүрмейді. Әлеуметтік желі тауарыңды сатудың тиімді жолы. Мен өз блогымды жүргіземін. Көп уақытымды арнаймын деп айта алмаймын. Уақытпен көңіл бөлемін.
- Көп адамдар сіздің сұхбатыңызды жоспарлы түрде өзіне жасаған хайптың бір түрі деп қабылдады. Келісесіз бе?
- Ол сұхбатта ешқандай хайп болған жоқ. Мен басымнан өткен оқиғамен бөлістім. Кім қалай қабылдаса да, өз еркі. Мен тағдырымды ашық айту арқылы, өзге адамдарға сабақ болсын дедім.
- Өзіңіз тоқал болғаныңызды ашық айттыңыз. Сондықтан келесі сұраққа еш қарсылықсыз жауап бересіз деп ойлаймын. Тоқал болудың плюсі мен минусы қандай? Қызыңыз тоқал боламын десе, көзқарасыңыз қандай болмақ?
- Тоқал болу деген тақырыпты жылы жапқым келеді. Қызымның біреудің тоқалы болғанын қаламас едім. Мен де екінші рет ол жағдайға жеткізбеймін. Бір рет басымнан өтті, көрдім. Ендігі уақытта ешкімді ренжіткім келмейді.
- Өзіңізді қандай ана ретінде сипаттайсыз?
- Қазіргі еңбектенуімнің себебі - қызымның жарқын болашағы. Қызым үшін отқа да, суға да түсемін. Өнер жолында болған соң күнде жанындамын демеймін. Бірақ үнемі ол менің қадағалауымда. Ана ретінде сырласамын, еркелетемін, көп көңіл бөлуге тырысамын. Жалғыз басты анаға қиындау, әрине. Бірақ, әке орнына - әке, ана боп жүрмін.
- Қызыңыздың болашақта қай салада білім алғанын қалайсыз?
- Қызым хирург болғысы келеді. Оның қай бастамасын да қолдаймын. Оның жеке қалауы үшін шешім қабылдай алмаймын. Қызымның осы өмірден өз орнын тапқанын қалаймын.
- Динараның алға қойған 3 мақсаты қандай?
- Ең бірінші мақсатым, бақытты отбасын құру. Егіз балаларымның болғанын қалаймын. Жақсы ана, сүйікті жар болу. Екіншіден, бизнесімді дамытып, жеке брендімді қалыптастыру. Үшіншісі, білім алу, өзімді дамыту.
- Қаржылық сауаттылық дегенді қалай түсінесіз?
- Қаржылық сауаттылық - мен үшін ақшаны тиімді жұмсай білу. Оңды-солды шашпау және үнемдей білу.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2033265-ansi-dinara-alzan-qyzymnyn-bireudin-toqaly-bolganyn-qalamas-edim/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.