"Ерекше баланы дүниеге әкелдім": әнші Ayree 18 жасында тұрмысқа шыққанын айтып, жан сырын ақтарды
Жарияланған күні:
Отандық әнші, көпшілікке Ayree лақап есімімен танымал Әйгерім Рақышева 18 жасында тұрмысқа шыққанын, ерекше бала тәрбиелеп отырғанын айтып, жан сырын ақтарды. Динара Сәтжанның бағдарламасына келген әнші бүгінгі таңда ажырасып кеткенін де баяндап берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
"18 жасымда тұрмысқа шықтым. Бірақ некеміз бір жылға созылды. Бұл әрине, өмір. Мұны енді түсініп жатырмын. Ол менің алғашқы махаббатым, алғашқы жігітім еді. Бұл жағдай мені сындырып тастады.
Мен махаббатқа бөленіп өскен қызбын. Уақыт өте келе мен ажырасуымызға ешкімнің кінәлі еместігін түсіндім. Осылай болуы керек болған шығар", - деді әнші.
Сонымен қатар Ayree ерекше баланың анасы екенін де ашып айтты.
"Ал 19 жасымда алғаш рет ана атандым. Менің ұлым дүниеге келді. Қазір ол 12 жаста, есімі - Әлімхан. Менің ажырасуымның тағы бір себебі, ерекше баланы дүниеге әкелдім. Ұлыма тоғыз айлығында церебральды сал ауруы (ДЦП-ред.) диагнозын қойды. Біздің отбасымыз мұндайды күтпеді, қиын болды.
Мен өте жас болдым. Күйеуімнің үйінде тұрдым. Күйзеліс қатты әсер еткен сияқты. Жүктіліктің 32 аптасында таңертең оянсам, ішім тастай қатты, ауырып жатыр. Мен оның толғақ екенін білмедім. Үйде ешкім жоқ. Анам мен әкем келіп, мені ауруханаға жеткізгенше, қанға бояндым. Бізді ауруханаға апара жатқан жедел жәрдем қызметкері де менің және баламның өмірі қыл үстінде тұрғанын түсініп, дүрбелеңге түсті.
Мені бірден жансақтау бөліміне алып барды. Босануға дайын болғандықтан, кесарь тілігін жасамады. Сөйтіп, менің күшім болмағандықтан, баланы дәрігерлер итеріп шығарды. Сол уақытта балам жарақат алды деп ойлаймын. Ояндым да, бірден баламды іздедім. Туылғанда балам көкпеңбек боп, жыламай туылды. Бір айдай ауруханада жаттық. Бір ай бойы ас батпады, ешкімді көргім келмеді. Мен қатты қорықтым. Түрлі психолог келсе де, маған ешқайсысы көмектесе алмады. Балам көрші палатада, аппаратта жатты. Өзі тыныс ала алмайтын, салмағы бар болғаны 1800 гр ғана. Ата-анам да, таныстар да, өзім де балама көмектесе алмадық. Сол кезде алғаш рет "Мен не жаздым" деп ойландым. Ең жаманы, балаңның қиналып жатқанын көру. Ауруханадан шыққанда, ата-анам маған және балаға күтім жасау үшін, үйге алып кетті. Мен бес жыл бойы күйзелісте болдым", - деді әнші.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2033631-erekse-bala-tarbielep-otyrmyn-ansi-ayree-18-zasynda-turmysqa-syqqanyn-aityp-zan-syryn-aqtardy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.